V-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындары үш күннен бері Сарыарқаның төсін той мен думанға бөлеп жатыр. Бұдан бұрын жазғанымыздай, тоқсан елден келген екі жарым мыңдай спортшы ат бәйгесі, аударыспақ, көкпар, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, жамбы ату тәрізді халқымыздың ежелден келе жатқан ұлттық ойындарынан сынға түсуде.
Бұған қоса төрткіл дүние жампоздары қазақтың сайын даласында қырғыз, өзбек, түрік, татар-башқұрт халықтарының төл спортының да көрігін қыздырған.
Яғни, бірнеше күннен бері Астанада халқымыздың көне ойындары көпшіліктің көзайымына айналып үлгерді. Әзірге ел құрамасы бүкіл спорт түрлерінен ешкімге дес берер емес. Турнир кестесінде бірінші орында тұр. Бүгін көкпардан Қазақстан құрамасы ресейлік терді 18:2 есебімен ұтып, финалға жолдама алды. Ал тоғызқұмалақтан жерлестеріміз үш алтын медаль жеңіп алды.
Сөйтіп, ел құрамасы командалық есепте 1-орынды еншіледі. Екінші орынға– Қырғызстан, үшінші орынға – Ресей ие болды. Сондай-ақ, бүгін Батыр Бексауыт жамбы атудан күміс жүлдені жеңіп алды.
Сайысқа 27 мемлекеттен келген 78 спортшы бақ сынап жатқанын айта кеткен жөн. Кей спорт ойындары әлі аяқталған жоқ. Олардың қорытындысы туралы кейінірек жазамыз. Жалпы, бірнеше күннен бері
“Қазанат” ипподромы нағыз спорт пен өнердің ордасына айналып үлгіргенін айта кеткен жөн. Халқымыздың бай сал-дәстүрі,әдет-ғұрпымен жақынырақ танысқысы келгендердің дені этоауылды бетке алған.
Жағалай алқа-қотан қонған ақшаңқан киіз үйлер, тазы ертіп, бүркіт ұстаған қыз-жігіт, жайылған ақ дастархан, әр жерде әуелеген ән мен жыр, күй күмбірі халқымыздың көшпелі тұрмысын елестетеді. “Біздерде мынадай бар, мынадай бар”-деп көрсетуге ұялмайтын жәдігерлеріміз мыңдап саналады. Әр экспонаттың тарихымен танысқан шетелдік қонақтар мен туристердің еріксіз таңдай қаққанын көрдік. Мәселен, пакистандық турист Әли Сенджел
қазақтың тұрмыс-салты ұнағанын айтады.
– Негізі біздің елдің де бай дәстүрі бар. Сіздердікіне қатты ұқсайды. Біздің ата-бабаларымыз да бағзыда көшпенді салт ұстанған. Саят құрған. Біз сол үрдісті жалғастырып келе жатырмыз. Маған Қазақ елі қатты ұнады, – дейді ол.
Қостанай облысы құрған үш киіз үйдің бірінде көне жәдігерлер мұражайы орналасқан. Онда жүзден астам түрлі жәдігер қойылған.
Торғай мұражайлар кешенің директоры Гүлбану Сәрсекейдің айтуынша, бес күннің ішінде Қостанайдың бай тарихы мен мұрасын тамашалауға бес мыңнан астам адам келген.
– Олардың арасында Үкімет мүшелері, халық қалаулылары, қоғам қайраткерлері бар. Дала мұражайына бас сұққан шетелдіктердің де қарасы басым. Мұражай күн сайын таңертеңгі тоғыз дан кешкі жетіге дейін келушілерден арылып жатқан жоқ, – дейді ол.
Бүгін тойшыл қауымға Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармония әртістері өз өнерлерін паш етті.
Жиналған жұртшылық қостанайлық өнер шеберлерімен бірге ән шырқап, дүркін-дүркін қошемет көрсетті.
Әлібек ЫБЫРАЙ