Диқандар мұңы тыңдалды: шаруа шаш-етектен

Диқандар мұңы тыңдалды: шаруа шаш-етектен

Облыс диқандарын бүгінде нарық бағасы адаңдатып отыр. Субсидия төңірегінде сауал әуелден бар. Тамыздың ортасынан орақ науқанына  кіріскен шаруалардың бұл жайына тұрақсыз ауа райы біраз кедергі келтірді.   Алтынсарин, Сарыкөл, Қарасу аудандарының шаруалары ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың алдына осы мәселелерді төтесінен қойды.

Александр Бородин Қостанай өңіріне белгілі осы саланың білікті маманы. Бүгінде Алтынсарин ауданында шаруашылық ұстап, егін салумен айналысып келе жатыр.

“Былтырғы субсидиядан берілген қаражатқа комбайндар алынды. Бидай  кептіргіш қойылды. Дайындық осы демесек, әзірге қозғалыс жоқ. Биылғы субсидияның жайы алаңдатады. Екіншіден, баға мәселесі біздерге қиын соғып отыр. Өзіміз секілді шаруалар ұн өндіретін жерлерге азық-түлік корпорациясы қойған бағамен астық  өткізуге мәжбүр. 100-105 теңгеден келеді деп межелеп отырмыз.  Тұрақты баға тезірек жарияланса жақсы болар еді”, – дейді Александр Бородин.

Осы субсидияға келгенде Үкіметің диқандарға  360 млрд теңге көлемінде берешегі бар болып шықты. Оның 160 млрд теңгесі қанағаттандырылғанымен, 200 млрд теңгесі әлі күнге қаралып жатыр. Министр бұл туралы Үкімет басшысы да хабардар екенін алға тартты.

“Барлық облыстың бюджет жобасы белгіленіп, есеп-қисабы Қаржы министрлігіне жіберілді. Үкімет субсидия беруге 80 млрд теңге бөлуге уәде беріп отыр. Рәсімдеуге заңды тұлғалардың төлем кестесін әзірлеу тапсырылды. Біріншіден, алдыңғы субсидиялау процесінен қалған қалған қарыздан құтылу қажет”, – деді министр Айдарбек Сапаров.

«Кең дала – 2» бағдарламасы аясында егін жинау науқанына 400 млрд теңге қарастырылған. Мөлшерлемесі бес пайызбен берілетін қаржы шаруаларға едәуір көмек болары анық.

“”Даму” қоры арқылы кепілсіз тапсырыс беруге болады. 85 пайызын мемлекет комиссиясыз  берсе, 15 пайыз тауар өндірушілерге кепілдікпен рәсімделеді. Бұл бағдарламаға үлгірмегендерге әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қол жеткізуге болады. Тыңайтқыштар мен басқа да егіс науқанына қосымша 20 млрд теңге 5 пайызбен қарастырылған. 100 млрд теңге несиені  7 жылға «ҚазАгро» холдингі арқылы беріліп жатыр”, – деді министр.

Қазіргі таңда бидайдың нарықтық бағасы төмен болғандықтан, өндірген өнімін өткізу диқандарға оңай соғып тұрмағанын жоғарыда айттық.

Азық-түлік корпорациясында қаншама астық жатыр. Құс фабрикаларына қарызға да бөліп беріліп жатқанын айта кету қажет.

Мәселен, үш бірдей диірменін іске қосқан  Қостанай ұн комбинаты 23 кликавинамен үшінші сұрып  бидай қабылдап жатыр.

Кептіргіші газбен жұмыс істейді.

Қабылданған бидайдың сапасы зертханада тексерілгеннен кейін ылғалдылығы 16-19 пайызды құраса, италиялық технологияның көмегімен 19-дан 14 пайызға дейін түсіріледі.  Мұнда күніне 250 тоннаға жуық астық кептіріледі.

Тәуліктен аса сақталғаннан кейін ғана өндіріске жіберіледі. Осы тұста айта кетерлігі, биыл өнім мол болғанымен шығымы көңіл көншітпей тұр. Қостанайдың маңайында дән желімшесі 20-дан сәл асса, оңтүстік аудандарда орташа сапа 32-ге тең. Диқандар бұл жағдайды биылғы жауын мөлшерінің көп түсуімен түсіндіріп отыр.

“Нарықты жақсы білесіздер. Бүгінгі баға 80-85 теңгеден келіп отыр. Ұн комбинаттары осылай қабылдап жатыр. Былтыр қымбаттау алғанымен, қазір баға түсті. Биыл үшінші сұрып бидайын 70 теңгеден ұсынғандар бар. Одан артығыраққа бере алмайды. Халықаралық нарықты зерттеп алып, тұрақты баға ұсынуға келісіп жатырмыз. Алдағы он күн ішінде баға жарияланады. Бидайдың сапасына қарай, жоқ дегенде 80 теңгеден бере тұруға келісу қажет.  Сіздер айтқан 100-105 теңге деген баға жоқ.  Сапалылық мөлшері әзірге төмендеу болғандықтан әлі де баға түсуі мүмкін”, – деді  министр.

Оған себеп, барлық жерде мол өнім алынып жатыр. Жері сортаң Өзбекстан елі де жақсы өнім алуда. Отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін Ресейден астық тасуға қазір тыйым салынған.

Министр нарықты өз қолымызға алу үшін диқандарға  бидай өнімін 85 теңгеден тездетіп сату керектігін осылай түсіндірді.  Субсидия рәсімдеуді де  әр жылдың басынан қалдырмау қажет. Көктемде қолға алған іс қашанда кеш болады. Жиын-терімнен кейін тапсырыс қабылдау басталады. Жауапты серіктестер қараша-желтоқсанда рәсімдеуге кіріседі.

Шегірткеге қарсы  күрес шаралары үшін мемлекеттен 8 млрд теңге бөлінді. Алдағы уақытта бұл шараларды ұйымдастыру жұмыстарын Үкімет жергілікті атқарушы органдардың құзырына беруді көздейді. Әр аумақта өсімдіктерді қорғау стансасы құрылмақ. Келер жылдары жергілікті атқарушы органдар қарсы шараларды өздері өткізіп,  әр облыс мәселесін өзі шешетін болады.

Айбек ЖҮЗБАЙ    

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

Жаңалықтармен бөлісу