Айару Ахметбек балабақшадан өзінің алғырлығымен, бейнелеу өнеріне деген ерекше қабілетімен тәрбиешілерінің көзіне түсті. Сөйлегенде де сөздің майын тамызады. Әуежай шағын ауданындағы Ә. Бөкейханов жалпы білім беретін мектебінің бірінші сыныбына барған ол болашақта өзін суретші немесе сән саласының маманы ретінде көргісі келетінін айтады.
“Менің анам көйлекті жақсы тігеді. Қолынан келмейтіні жоқ. Тігуді бастағанда карандаш алып, сызып отырады. Соған қарап суретші де сәнгер де болғым келеді”, – дейді Айару.
Суретшілік қабілет Айарудың әкесінен де дарыған ба деп қалдық. Себебі, қолынан үнемі фотоаппараты мен камерасы түспейтін кәсіпқой таспагер. Бүгінде Бағдат әріптесіміз облыстық мешітте де көрінгеннің жүрегі дауалай бермейтін мобилограф маманы.
Сәбит-Гүлсім Сүлейменовтер үшін де бүгін ерекше күн.
Алғашқы немерелері мектеп табалдырығын алғаш аттағалы жатыр. Қостанайға Торғай селосынан немерелері Бекзаттың тұңғыш қадамын көруге арнайы келіпті.
“Бүгін немереміз Бекзатты алып келіп жатырмыз. Әрқашан оқуда озат, қатарының алды болуын тілейміз”, – дейді ата-әжесі.
Гүлсім Жанкелдин аудандық ауруханасында қырық жылдан астам қызмет істеп келе жатса, отағасы Сәбит құрылыста еңбек етеді. Балалары Бекнұр былтыр пәтер алып көшіп Әуежай шағын ауданына қоныс аударған. Қостанайдағы жылдам қимылдау арнайы жасағының сарбазы.
Биыл Қостанайдағы Ә. Бөкейханов мектебінің бірінші сыныбына осындай 154 бала қабылданды.
“Мектеп ашылғалы екі сынып қана қазақша болатын. Биыл балаларының мемлекеттік тілде білім алуына ниет білдірген ата-аналардың саны артты”, – дейді мектеп директоры Жанар Асанқызы.
Соның арқасында үш бірінші сынып қазақша білім бергелі отыр. Биыл мектеп табалдырығын аттап, ҰБТ тапсырған 17 баланың 11 – і грантқа түскен. Білім ордасының екі бірдей түлегі үздік аттестат алған. Бұл ұжымдағы білікті ұстаздардың еңбегінің арқасы десек қателеспейміз.
Мәселен, бірінші б сыныбын қабылдап отырған Қарлығаш Сүлейменова отыз жылдан бері ұстаздық жолда. Осы мектепте екі жылдан бері қызмет атқарады. Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында жемісті еңбек еткен.
“Бұл жаққа төрт жыл бұрын келдім. Алғашқы мұғалім Ыбырай Алтынсариннің елінде еңбек етіп жүргенімді әрдайым мақтан тұтамын. Ұстаздық жолдың қызығы да қиындығы да бар”, – дейді Қарлығаш Сүлейменова.
Ә. Бөкейханов жалпы білім беретін мектебінің құрылғанына биыл бес жыл толды. Содан бері Жанар Асанқызы бастаған ұжымның алмаған қамалы жоқ. “Өрлеу” кәсіби даму институтының аға оқытушы Айнұр Мускина осылай дейді.
“Бұл білім ордасының ұстаздарының курсқа келгендегі белсенділігі ұнайды. Өздерін қажетті жерде көрсете біледі. Мектеп директоры Жанар Асанқызының еңбегі зор екені туралы мұғалімдер мен ата-аналардан ылғи жылы сөздер естиміз. Білім басқармасында да жетістіктері көп мектептердің бірі екендігі айтылады. Ұжыммен жақынырақ танысайын деп бұл мектепке алғаш рет келіп отырмын”, – дейді Айнұр Мускина.
Қадірменді мейман жиналғандарға ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың құттықтауын жеткізді. Балғындар өз өнерлерін ортаға салды. Бірінші сынып оқушылары он бірінші сыныпта оқитын аға-апаларымен алаңды айналып, алғашқы қоңырауды соқты. Алғаш мектеп табалдырығынан аттап, сыныптарымен танысты.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков