Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуына қатысты. Президент кезектен тыс депутаттар сайлауында партияларға, үміткерлерге бірдей мүмкіндік берілгенін айтты.
– Кешегі сайлауда партиялармен қатар көптеген азаматымыз бір мандатты округтен өзін-өзі ұсынды. Осылайша, халқымыз маңызды өзгеріске өз үлесін қосуға дайын екенін дәлелдеді. Елімізде жаңа азаматтық, саяси мәдениет қалыптасып жатыр, – деді Ел Президенті.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде еліміздің жастары әрдайым өзінің айрықша назарында екенін жеткізді.
– Мен билікке ойы озық, білімді жастар келуі керек деп үнемі айтамын. Өскелең ұрпақты ел ісіне баулу – өте маңызды мәселе. Олар қоғамға жаңа құндылықтар әкелуге тиіс. Сайлау кезінде жас кандидаттар бірігіп, өз тобын құрғаны белгілі. Осы одақтың белсенді мүшелері Парламентке және мәслихаттарға өтті. Осылайша, өкілді билік тармағына саясаткерлердің жаңа буыны келіп жатыр. Жастар мұны елімізді дамытуға берілген бірегей мүмкіндік деп бағалауы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Иә, Президентіміз айтқандай, билікке ойы озық, білімді жастар келуі керек. Мен, Қасым-Жомарт Кемелұлының осы сөзін әрдайым қаперімде ұстаймын. Аудандық мәслихаттың депутаттыққа кандидат болып тіркелгенде де еліміздің білімді жастарға сенім артып, ел ісіне араласуға мүмкіндік беруі мені қатты қуантты. Аудан халқының да жастарға деген сенімі бөлек.
Міне, алдағы уақытта Президент пен халықтың сенімін ақтап, еліміздің дамуы жолында аянбай күш салатынымызға сенім білдіремін.
Руслан ӘЛКЕЕВ,
Сарыкөл аудандық мәслихатының депутаты