Көп мұғалімнің көкейіндегі сұрақ еді

Көп мұғалімнің көкейіндегі сұрақ еді

Бүгін VIII сайланған Мәжілістің бірінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдерге арналған біліктілік тестін жеңілдетуді ұсынды. Расында бұл сала мамандарының көптен айтып, сынап жүрген мәселе еді. Тестілеудің тіпті тәжірибелі ұстаздарға қиын соғатынын жақсы білеміз. Олардың оқушылары олимпиадаларда үздік көрініп, қаншама нәтиже көрсетіп жатса да, сынақ тапсыртып қоюды құптамайтындардың қатарынанмын.

Енді ғана талаптанып, жұмыстың қызығына батып келе жатқан жастарға да оңай емес. Сынақтан өтпей қаламын ба көп уайымдайды, онысы жұмысының сапасына да әсер етіп жатады. Сондықтан, тест тапсыруды жеңілдету керек.

Осы орайда қоса кетейін, мектеп директорларының айлығын да көтеру маңызды шаруа. Өйткені, барлық жауапкершілік олардың мойнында. Ал біздегі директорлардың еңбекақысы мұғалімдердікінен тым аз. Алдағы кезеңде білім саласы басшыларының мәртебесі де ескерілсе деймін.

Жаңа Қазақстан құрамыз деп жатырмыз. Ол бірер күнде құрылмайды. Президент бұл қағиданы жастар жүзеге асырады деп сенім білдіріп, қазіргі билік жұмысына соларды көбірек араластыруды міндеттеді. Көріп отырмыз, жаңа сайланған Мәжіліс пен мәслихаттарда жастар көбейіпті. Қазақ “Жас келсе – іске” дейді. Міне, мүмкіндік! Жүйені өзгерту жастардың қолынан келеді.

Бекежан КӨШМЫРЗИН,
ҚР білім беру ісінің үздігі

 

Жаңалықтармен бөлісу