Қазақстанда саяси өзгерістердің аз уақытта жемісін көре бастадық деуге болады. Мұны VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде, бүгін ҚР Президенті Қ.Тоқаев та айтып отыр.
Биылғы сайлау алдыңғы саяси науқандардағыдай емес, қатысқан және парламентке өткен партиялардың көбейгенін көрдік. Көппартиялық жүйенің енгізілгеніне куә болдық. Мұндай өзгеріс саяси алаңда жүрген партиялардың арасындағы бәсекелестікті арттырады. Бәрі өзін көрсетуге, халық сенімін иеленуге барын салатыны қазірден-ақ белгілі. Сайлау кезіндегі пікірталастар, жасалған қадамдар соның айғағы.
Мәжілісте қаралатын заңдар немесе қандай да бір мәселелер егжей-тегжейлі талқыланып, саяси плюрализм орнайды деп сенемін. Осылайша сапалы заңдардың қабылданып, басқару жүйесі тұтастай жаңа форматқа көшетіні анық.
«Енді Үкімет шын мәнінде есеп беретін Үкіметке айналады» деді Мемлекет басшысы. Осы төрт жылда соған қажетті алғышарттардың көбі жасалды десек болады. Енді, бүгін айтылғандай, ұстанымын қорғай білетін министрлер керек. Сөйтіп «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасы толықтай жүзеге асырыла бермек.
Сатыбалды БАЙҒАБЫЛОВ,
мемлекеттік қызмет ардагері