Нариман ҚЫПШАҚБАЙҰЛЫ: “Су үлесінен құр қалуға болмайды”

Нариман ҚЫПШАҚБАЙҰЛЫ: “Су үлесінен құр қалуға болмайды”

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, уу шаруашылығы саласының ардагері Нариман Қыпшақбаұлы 1934 жылы 27 мамырда Жанкелдин ауданы, Қызбел ауылында дүниеге келген.  1981-1990 жылдары Қазақ КСР Мелиорация және су шаруашылығы министрі қызметін атқарды. 1990-1995 жылдары – су ресурстары жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы болды.

Тәуелсіздік жылдарында Су кодексінің жобасын әзірлеуге жетекшілік етті және Орталық Азия мемлекеттері, Ресей және Қытай арасындағы трансшекаралық өзендердің суын пайдалану жөніндегі халықаралық ұйым құруға үлкен үлес қосты. Сондай-ақ, Халықаралық Аралды құтқару қорын құру жұмысында да маңызды рөл атқарды. Нариман Қыпшақбайұлы Арал теңізі мен Сырдария өзені мәселелері бойынша өз ұсыныстарымен белсенді бөлісіп жүр. Ұзақ жылғы  еңбек жолында оннан астам марапатқа ие болды, олардың арасында мемлекетке сіңірген үлкен үлесі үшін “Құрмет” II дәрежелі “Барыс” ордендерін омырауына тақты. Биыл қоғам қайраткері  Президенттің  Жарлығымен  еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін “Отан” орденімен марапатталды. Күні кешелері Қостанай қаласының 145 жылдық торқалы тойының үстінде Нариман ағамыз “Қостанай облысының Құрметті азаматы” атағын иеленді.

– Нариман аға, Қостанайға қош келдіңіз! Жақында ған тоқсан жасқа толдыңыз. Енді міне, тағы бір жаңалықты естіп, қуанып отырмыз.  Құтты болсын!

– Рахмет, айналайын!

 – Әңгімемізді мамандық таңдаудан  бастайықшы. Су шаруашылығын таңдауыңызға не түрткі болды?

– Ол былай. 1953 жылы Торғайдың орта мектебін бітірдік. Сонда Кәкім Анапин деген директорымыз болды. Біз білім ошағынан түле ұшарда сол кісі ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы, қаржы, банк, милиция, әскери комиссариат тәрізді аудандағы мекеме басшыларын шақырып:  “Мына балалар мектеп бітіріп жатыр. Қандай маман иесі болуға кеңес бересіздер?” – деген мәселе көтерді. Сонда есімде қалғаны,  аудандық су шаруашылығының бастығы Қызжан Нұрғазин деген кісі  сөз алды. Сол кісінің айтқаны ұнаған болуы керек, түлектердің ішінен төртеуіміз су инженері боламыз деп шештік. Соны бітірдік. Ол кезде біз түскен гидротехникалық факультет ауыл шаруашылығы институтына қарайтын еді.  Институттан соң маған  Алматыдан алпыс шақырым жердегі Түрген өзенін беріп, “Осының суын ретте.  Пайдаланушыларға  теңдей бөліп беріп тұр. Судың есебін ал, суды қалай пайдаланып отырғанын бақылап, тексеріп отыр”- деп тапсырды. Онда бір жыл істедім-ау деймін, бір күні шақырып алып: “Жолдас Қыпшақбаев, саған бір өзен аздық етеді. Ауданаралық өзендер бар, соған барасың”,-деді. Сөйтіп-сөйтіп республиканың бар суына көштік қой. Бұл бір факт. екінші,  66 жыл  бойы су саласында істедім. Яғни, 1958 жылдан күні бүгінге дейін сүйікті жұмысымнан қол үзген жоқпын.   Айтайын дегенім, осы алпыс алты жылдың ішінде бір күн басқа салада қызмет істеген емеспін.

– Мұы өз мамандығына  әбден берілген деуші ме еді….

– Иә, солай деуге болады.  Осы алпыс алты жылдың ішінде менің көзімнің жеткені,  мемлекет болам десең, ең алдымен сенің жерің мен суың болуы керек. Ең негізгісі бұл. Жер мен су Ұлт таңдамайды. Мәселен, қырық миллионнан асатын күрт деген ұлт бар. Бір шаршы метр жері жоқ.  Олар  Иранда, Иракта, Ауғанстанда  бірімен-бірі атысып, быт-шыт болып жатыр. Құдай бізге қарасты.

 – Дұрыс айтасыз! Біз жерге кенде халық емеспіз ғой, бірақ, су тапшылығы туралы жиі айтылып жүр.  Жан-жағымыздағы көршілеріміз суға келгенде сараңдық танытатыны бар.  Осыны неге әлі күнге реттей алмай жүрміз?

– Ана бір жылдары қырғыздармен Шуға таластық, Оның бері жағында төрт мемлекет Сырдарияның суы үшін тәжікелесті. Қытаймен жиырма төрт өзен, Ресеймен сегіз өзенге ортақтаспыз. Осы өзендердің бойында отырған  әр  мемлекет өзінің үлесін анықтап алуы керек. Әрине, біреуі көбірек алуы мүмкін, біреуге  азырақ тиеді.  Ол  енді суды кімнің, қалай пайдалануына байланысты. Мәселен, Еділ (Волга) өзенінен орыстар да, бізде аламыз.  Бірақ, олар қырық шелек су алса, біз бір шелек аламыз. “Права на пользование” деген сөз. Бұл  жер жүзіне тән  саяси мәселе.  Жалпы,  өзеннің ортақ екенін мойындау ресми құжатпен реттелген мәселе. Менің қол қойып берген шаруам осы.  Арманым – осы алып берген үлестен еліміз айырылып қалмаса екен. Ал бүгінге дейін өзеннен қанша су алып отырмыз, бұл енді екінші мәселе.

– Сіз судың елімізге тиесілі бөлігін реттеп берсеңіз, неге үлесіміз аз?

– Өйткені, су жетпей жатыр. Жаңа Сырдарияны айттым ғой, құдай жаратқан Сырдың суына деген  сұраныс дарияның  мөлшерінен төрт -бес есе асып кетті. Анау ағып жатқан судың маңдайына  “мен Қазақтың суымын, мен Қырғыздың суымын” деп жазылып тұрған жоқ. Кім жоғарыда отыр,сол қожа.  Үйінің қасынан ағып жатқан өзеннен   бір шелек су алса да, ешкімнен  сұрамайды. Міне,  осы жағына назар аудару керек. Үлестен құр қалуға болмайды..

– Не істемек керек, аға?

– Ана бір жылдары  мемлекетаралық комиссия құрдық.  Комиссияның қасынан арнайы басқармалар ашылған. Онда әр мемлекеттің өкілдері отыру керек. Мәселен, “Достық” каналы өзбек пен қазаққа ортақ.  Сол канал Сырдариядан секундна 200 мың текше метр су алады.  Ол біздің елдің шекарасына жеткенше 70-80 шақырым. Ал ресми құжатта, 100 кубты өзбек алса, 100 кубы қазақтыкы деп анық жазылған. Мұны мен мысал ретінде айтып отырмын. Қазір соған  иелік етіп отырған қазақ жоқ. Негізінде біздің ел каналдан өтетін судың  50%-ін алу керек. Күні бүгін  30-40 процентіне ғана қол жетіп отыр. Неге деген сұрақ туады? Судың егесі жоқ. Бала кезімізде ағаларымыз қойды күзеткенде “Арасында айғайлап тұр, қасқыр даусыңды естісін.   Күзеттегі қойға ешкім жақындай алмайды деп үйрететін. Сонда қасқырды көрсек анадайдан айғайлап тұрамыз, итіміз қоса үреді.  Сол сияқты мына судың егесі  “менмін!” деп ара-тұра доқ көрсетіп тұру керек. Жаңа келген министр жақсы адам, бірақ, түсінбейді. Оның  аппаратында отырғандар шетінен шалісті. Міне, осы қауіпті!

 – Осы жасқа келгенше қызметте қалуыңыздың сыры осында жатса керек. Үйренейік деген жастар бар ма, қазір?

– Мен ешкімнен қызмет, ақша сұрамаймын. Зейнетақым бар, кабинетім бар, Ойым түзу. Үйренемін десе, кәнекей! Бір мәселе талқыланса, міндетті түрде соған   қатысам да, өз ойымды айтамын. Маған кейде: “Нарықтық кезеңде жап-жақсы ойларыңызды неге сатпайсыз?”,-деп ұрсады.  Мен мұны істей алмаймын. Тағы бір айтайын дегенім, жер жүзінде, әсіресе, мұсылман елдерінде  нан менен суды саудалауға болмайды. Болды! Ол өмір. Оған ешқандай заң жүрмейді!  Өз тәртібі бар. Біз су бөлісу үлесін анықтадық. Енді Қазақ жағы осыны қатты қадағалап отыруы тиіс. Ол үшін нақты бағдарлама  керек. Алайда, бұған жанашыр болатын адам жоқтың қасы. Ешкім мойнына жауапкершілік алғысы келмейді. Құр босқа жалақы алып отыр, Жалақыны жұмысты дұрыс орындағаны үшін алады. Ал, бұлар… Біздің елде қазір осындайлар көбейіп кетті. Өз жұмысын білмейтін, жазып бергенді оқи алмайтын  министрлер алып отыр. Бұған не дерсің!

– Осы ізбен  кете берсек, бар судан айырылып қалу қаупі туындамай ма?

– Су емес, Қазақстаннан айрыламыз. Мен мұны қауіп қылғаннан айтамын.  Су дегеннен шығады, К.Маркстың Англияның Индияны жаулап алуы туралы кітабында “Қай мемлекет суға назар аудармаса, өзін-өзі өлтіруге апарады деген сөзі бар (Қазір жұрт осы  Марксті ақымақ қылуға әуес, ал мен олай деп санамаймын).  Қазақстан сол жолға түсті. Суға назар аудармаған ел түптің-түбінде құрдымға кетеді. Қ.Тоқаев су шаруашылығы және ирригация министрлігін құрды. Соған енді мықты мамандарды тартса, біраз жұмыс істеуге болар еді. Мен  қытайдың , орыстың, өзбектің суын тартып ал деп отырған жоқпын. Мемлекеаралық келісілген шарт бойынша өз үлесіңді ал. Аналардың суына тиіспе. Бар болғаны осы. Мұның қай жері қисық?  Өзбектер біздің осы осалдығымызды пайдаланып отыр. Осыдан екі-үш жыл бұрын мынадай жағдай болды: Өзбекстанның  Жетісай жақ беттегі су қоймасы жарылды. Ол жерде біздің   130 мың гектар суралмалы жеріміз бар. Үш жүз мыңдай адам тұрады.  Әлгі алапат су егіндікті де, үйлерді де басты. Қысқасы, бәрін тас-талқан етті.  Ләм деген біреуі жоқ. Мен сол кезде нота әзірлеп, СІМ-ге тапсырдым. Біздікілер соны қабылдамады ғой.  Неге? Айтатындары:  “Өзбекстан мен Қазақстан арасында мәңгілік достық туралы” келісім – шарт жасалған.  Содан аттамау керек.  Істің түрі осы. Қалай намыстанбайсың?!

– Сіз елімізде бидай өндірісін ұлғайту керектігін жиі айтасыз. Астық бағасының тұрақсыздығы,  егіннің шығымы жағдайында Бұл қаншалықты мүмкін?

–  Қазақстанның астығын көбейту керек. Біздің ел жылына  15-18 млнтонна бидай өндіреді.  Кеңес заманында  33 млн тоннаға дейін астық алатын. өндірді. Құрығанда 50-60 млн тонна астық жинауға  болады. Құдайға шүкір, қамырлылығы, басқасы бар,-астықтың сапасы жөнінен біз әлем елдерінің арасында бірінші орында тұрмыз!  Осыны бағалай алмай отырмыз. Астық өсіру үшін  Ертістің суын Орталық Қазақстан апрқылы Қостанайға әкелу керек. Сосын қуаңшылық жылдары қолдан жаңбыр жауғызуға болады. Жаңбырлы жылдары қолдан суаруды тоқтату керек. Мен мұны инженерлік есеппен айтып отырмын. Үлбі су қоймасының деңгейі көтерілсе, Семейден бері қарай бұрған су өздігінен келеді. Негізі Ертіс өзені Қытай, Ресей және біздің елге ортақ. Содан өз үлесімізді тиісінше алып отырған жөн. Біз, егер астық өсіруде Ресеймен деңгейлес державаға айналсақ, онда жер жүзін сапалы нанмен, макаронмен, бидаймен қамтамасыз етеміз. Ол тұрақтылық, ол дамудың белгісі.

– Елдегі жайылым мәселесіне де алаңдайсыз. Мұны шешудің тетіктері бар ма?

– Қазақстанда 180 млн гектар жайлымдық жер бар. Мен отыз үш жыл кеңес үкіметінде жұмыс істеп, жер мен су шаруашылығына  қызмет еттім. Сол отыз үш жылдың ішінде еліміздегі қой саны қыстың күні 30 млн, жазда төлімен қоса есептегенде 50 млнға тақады. Оны өз көзіммен көрдім. Бұрын-соңды  жайылым мәселесі деген болған жоқ. Онда неге бүгін мал жайылатын жер жоқ?  Қолымызда  12-ақ млн ұсақ мал бар. Ал біз төрт түлік жаятын тулақтай жер таппай отырмыз. Түсінбеймін! Далада  емін-еркін жайылған малдың сүті, еті, жүні, терісі сапалы болады. Қой  терлеуі керек. Мұны қазақ әлмисақтан білген. Оны “Жиропод” дейді орысша.  Жүнін қырқарда  арасын ашсаң майлы боп тұрады. Оның талшықтары сынбайды. Ал еуропалықтар қойды ешқайда шығармайды, қорада ұстайды.  Одан не костюм тіге алмайсың, не басқа кәдеге жарамайды.  Сондықтан, жайылымды кеңейту арқылы  мал шаруашылығын өркендетуге болады. Ет,сүт, тері өңдейтін зауыттар салу керек. Қит етсе, қазақтың еті қымбат дейді. Бұл  жәй сөз! Біздің сүтіміз бен етіміз ең арзан. Далада жайылған мал өзінің 50 процент тамағын төрт аяғымен тауып жейді. Аузына тықпайсың. Еуропа бәрін әкеп береді. Ет пен сүт сондай қайдан қымбат болады? Анау Аргентина, Бразилия сиыр өсіреді. Жаңа Зеландия, Австралияда қой саны жүздеген млн-ға жетті.  Солармен тәжірибе алмасу керек. Бізде бәрі керісінше, қой бағатын адам таппай қиналады. Абсурд!

– Тек, малмен ғана күнелтуге болады дейсіз бе, сонда…

– Алдымен астықты көбейту керек. Нан жемейтін адам жоқ қазір.Қостанай нағыз астық үшін жаратқан өңір. Құдай бізге жер, табиғат, ауа-райын берді. Мүмкіндік көп. Соны дұрыс пайдаланбай отырмыз.  Сосын,  жайылым арқылы  малдың өнімін көбейту қажет.  Ол үшін  ауылдық жерлерге жақындау серіктес қалашықтар ашқан жөн. Ол Сарыарқа массиві бола ма, әлде Мойынқұм, Қызылқұм массиві бола ма, әйтеуір мал шаруашылығымен айналысқан өңірлердің ет,сүтін, терісі мен жүнін қаблдап  алып, оны өңдейтін бір орталық болу керек сияқты. Сонда Шымкентке, Алматыға, Қостанайға тасымалдап ешкім жүрмейді. Қазір қойдың жүнін бензин құйып өртеп жатырмыз. Оны кәдеге жаратса қаншама пайда! Қазіргі жұрт химиядан киім кимейді, жібектен, мақтадан тігілген киім-кешек алуға тырасады.  Кезінде құқықтық құжат деген болған. Отыз жылдың ішінде соны құртты.Осыны қайта қарау керек. Тоқсаныншы жылдары  шаруа қожалықтарын құрды да, жер телімдерін бөліп берді. Біреу 30 гектар, келесіге 300 гектар тиді. Жарайды, болсын! Бірақ, оның пайдасы кәні?! Бұрын колхоз, совхоздар құрылғанда ғылыми негізге сүйенді. Вильямс, Докучаев деген атақты ғалымдар жазған “Научный видение земледелие” деген болған.  Ол жерді сақтап қана қоймай, одан тұрақты түрде өнім алып отыруға, шаруашылықты тиімді ұйымдастыруға негізделген еді. Бәрі жойылды.  Әлгі шаруа қожалықтарын сол бұрынғы колхоз, совхоздардың шекарасымен ұйымдастырып, жер иесін қалдырсын. Сонда жылдық табыс көбейеді. Әлгі серіктестікке біріккен шаруалар жер көлеміне қарай, табысын бөліп алар еді. Бұл механизм қазір бар. Бірақ, осыны жеделдету керек. Жақында Алматыда Кәрім Тоқтабаевтың немерелерімен жолықтым. Сол жігіттер Кәрімнің Сталинге жазған хатын алып келіп, көрсетті. 1926 жылдары ауыл шаруашылығы министрі болған адам ғой, бүйдепті: “Қазақстанда  усақ шаруашылықтармен ауыл шаруашылығын көтеру мүмкін емес. Ірі-ірі колхоз, совхоздар құру керек. Озық технологияны пайдалану арқылы малды көбейтуге, жерді тиімді пайдалануға  болады” деп жазыпты. Қандай ақылды адам!

– Тоқсаныншы жылдары капитализмге  көшкен жоқпыз ба?

– Ол кісі де социализмге барайық деп отырған жоқ. Жерді тиімсіз пайдалану, мал өнімін ұқсата алмау дамуға тежеу салады. Құр әшейін, күрекпен қопарып, 4,5 млн гектарға дән себе алмайсың. Жүз гектар, екі жүз гектарда береке болмайды. Менің айтып отырғаным, оған ғылыми негізде көшу керек. Сосынғы бір шаруа, өндірісті дамыту шарт. Кезінде Павлодарда трактор зауыты, Қостанайда мотор зауыты болды. Жауын-шашынға қажетті машина, эксковаторлар, құбырлар шығардық. Соларды қайта қалпына келтірсе деп армандаймын кейде…

– Аға, биыл елімізде бұрын-соңды болмаған су апаты болды ғой. Ұшы-қиыры жоқ көл-көсір суды көрдік. Соның ең болмағанда ширек бөлігін сақтап қалуға болмас па еді. Не айтасыз?

– Бізде судың  пайда болуы, өзеннің тасуы, қардың еруі, жаңбырдың жаууы деген мәселелерді гидрология деген кәсіп бар. Мен су ресурсының маманымын. Гидрология қар қанша түсті, қанша жаңбыр жауды, температураның мөлшері қандай дегенге болжам жасайды.  Осы жұмысты жандандыру керек… Кезінде біз суды тиімді пайдалану үшін кемі бір миллион гектар шабындық жерді дайындайтынбыз. Қазір соның бір гектары қалды ма екен? Ауыл-үйді басқан топан суды соған бұру керек еді.  Бөгеттер салып, қазан шұңқырлар, тоғандар  жасап алу да әлгіндей мол суды ұстап қалудың амалынан туған еді. Кейін содан жұрт малын суаратын. Қажетіне тұтынатын.  Сондықтан, аудандық су мекемелерін қайта ашу керек. Оларды астананың маңына шоғырландыра берудің мәнісі жоқ. Жер ауылда, мал ауылда, халық ауылда! мамандар да сол жерден табылса, биылғыдай топан судың алдын алуға әбден болады.

– Әңгімеңізге рахмет, аға! 

 

Сұхбаттасқан Әлібек ЫБЫРАЙ

 

Жаңалықтармен бөлісу