Жылу орталығының мамандары журналистерге жұмыс барысын таныстырды

Жылу орталығының мамандары журналистерге жұмыс барысын таныстырды

Қостанай жылу-энергетика орталығында соңғы жылдары көп өзгеріс болып жатыр. Талай жыл дамылсыз қызмет еткен көнетоз нысандар жаңартылу үстінде. Қаржыландыру көлемі арта түсіп, салаға мықтап ден қойыла бастаған. Соңғы жаңалықтарын жария ету мақсатымен орталық басшылығы жергілікті БАҚ өкілдері үшін баспасөз турын ұйымдастырды.

Ең әуелі орталық ғимаратында жиын өтіп, салаға жауапты мамандар атқарылған жұмыстар мен алға қойылған жоспарлар туралы жалпылама ақпарат берді. Былтыр инвестициялық бағдарлама аясында 42 жобаны іске асыруға 2,5 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.

Мұның бәрі облыс орталығындағы 16 жылу беру нысанының қуатын арттыруға, тозығы жеткен желілерді жаңартуға, жөндеу жұмыстарына бағытталыпты.

«Атап айтқанда, 1 және 2 жылу-энергетика орталықтарына, бірнеше ірі қазандықтарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 3 жарым шақырымдық жылу желісін қалпына келтіру үшін төрт жоба іске асырылды. Арнаулы техникалық сараптама жүргізіліп, кем-кетігі тексерілді. Мұның бәрі жылыту маусымын үзіліссіз, ешқандай ақаусыз өткізуге мүмкіндік берді. Ыстық сумен қамту желілерінің сапасы 1,1%-ға артты», – деп мәлімдеді «ҚЖЭК» МКМ директорының міндетін атқарушы А.Аужанов.

Ал 2024 жылға, бекітілген инвестициялық бағдарлама шеңберінде, сегіз жобаны жүзеге асыруға 512 млн теңгеден астам қаражат қарастырылған.

Бұл қаржы тоғыз жылу беру нысанын және 815 метр жылу желісін күрделі жөндеуден өткізуге жұмсалыпты.

«Жұмыстар жасақталған жоспарға және межеленген кестеге сай жүріп жатыр. Осы жылға құрылған бүкіл жобалардың  қорытындысы 2024 жылдың 1 қарашасында инвестициялық бағдарламаға енгізілетін өзгерістерге байланысты жария болады», – деп толықтырды мекеме басшысы.

Бұдан соң өңірлік журналистер сала мамандарымен бірге бірнеше нысанда атқарылып жатқан жұмыстармен танысуға барды. Қазір қала тіршілігі үшін маңызды бірнеше нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Солардың бірі Әуежай шаны ауданындағы 10, 26, 29, 30 тұрғын үйлерге қарасты жылу желілері жаңартылу үстінде. Бұл аумақтағы желілер, құбырлар тотығу (коррозия) салдарынан жиі ақауға ұшырайтын болған. Тұрғындар тарапынан шағымдар көп түскенін де жасырмайды мамандар. Жөндеу жұмыстарына қолайлы мерзім туған уақтан-ақ қалпына келтіру шаруалары басталып кеткен. Былтыр да осы учаскеде монтаждау жұмысы аз жүргізілмепті.

2023 жылы кәсіпорын өз күшімен ұзындығы 229 метр, диаметрі 219 см болатын құбыр желілеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. Оған жұмсалған қаражат –9 786, 568 мың теңге. Қазірдің өзінде Герасимов көшесіндегі жерасты құбырларын жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Оны сала мамандары журналистерге жіті таныстырды.

«Құрылыс жұмыстарымен Павлодар облысының «ДАНиЕР» аталатын фирмасы айналысу үстінде. Әлбетте, бұл қалалық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және автокөлік шаруашылығы бөлімінің тапсырысы арқылы жүзеге асуда. Бұған бөлінген қаржы – 997 млн теңгеден астам. Жұмыс таяу күндері толық аяқталады», – деп сендірді мекеме басшысы.

Баспасөз турының қала ішіндегі сапары шаһар орталығындағы басты жылу-энергетика орталығына бет түзеді. Мұнда да атқарылған. іске асқан шаруалар аз емес екен. Журналистер қауымы қала бойына қан жүгіртетін басты нысанның ықпыл-жықпылын аралап көрді, қызметімен жақын танысты, көп дүниесіне қанықты.

Жалпы, мұндағы БМ-35 бу қазандығы сонау 1961 жылы іске қосылған екен. Тек 1996 жылы ғана осы қазандықтарға күрделі жөндеу жасалған. 2011 жылы ішінара жаңарту жұмыстары жүргізіліпті.

 «Әртүрлі ақаулықтар жиі-жиі пайда болғандықтан, 2023 жылы күрделі жөндеу жүргізу шешімі қабылданып, су экономайзері толықтай өзгертілді. Мұны да кәсіпорын өз қаржысымен атқарып шықты. Жұмсалған қаржы 23 млн теңгеден асып жығылады», – дейді «ҚЖЭК» МКМ басшысының орынбасары Вячеслав Плотников.

Сала мамандары өңірлік тілшілердің де сұрақтарына жауап берді. Олардың айтуынша, соңғы жылдары қаржыландыру деңгейі өсе түскен. Ал бұл тозығы жеткен желілерді жөндеуге зор мүмкіндік беріп отыр. 2023 жылы көнетоз нысандар үлесі екі пайызға төмендепті.

Мұны мамандар олқы көрсеткішке санамайды. Сонымен қатар жалақының аздығынан жұмысшылар ұстау қиынға соққан болса, бүгіндері айлық әлдеқайда өсіп, мамандар қатары қайта толыға түскен. Осыдан бірер жыл бұрын осы саланың тілін білетін мамандардың айлық табысы 160 мың шамасында болса, қазір, орта есеппен алғанда, әр жұмысшыға 260 мыңнан төленеді екен. Дегенмен Қостанайда осынау күрделі сала әлі күнге маман тапшылығын сезініп отыр.

Жандос ЖҮСІПБЕК

Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу