Қазіргі таңда қазақ тілі пәні бойынша оқушылардың тілдік дағдысын дамыту, коммуникативтік құзыреттіліктерін қалыптастыру аса маңызды болып саналады. Яғни, қазақ тілінен алған білімдерін күнделікті өмірде тілдесім, тыңдалым, жазылым әрекеттерінде қолдана білуге бағыттайды. Оқушылардың жалаң грамматика жаттамай, тіл білімі салалары бойынша меңгерген білімдерін, игерген дағдыларын өмірде қолдана білуі бүгінгі күннің талабы. Мектеп қабырғасындағы тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым дағдыларына жете мән беру, оқушылардың аталған тілдік дағдыларын жетілдіру болашақ сауатты ұрпақтың өсіп жетілуіне жасалатын маңызды қадам деп санаймыз.
Тілдік дағдылардың арасында жазылым – ең күрделі әрекет. Өйткені адамның бір-екі сөйлем құрастырып жазғанынан-ақ, оның сауаттылық деңгейін байқауға болады. Біз тіл маманы ретінде оқушының өз ойын жазған айналдырған 2-3 сөйлемінен-ақ, оның тіл мәдениетін байқап біле аламыз. Орфографиялық қатеден басқа, адам өз ойын толық жеткізе алды ма, ойын жеткізгенде де қаншалықты әсерлі жеткізе алды деп бағалауға болады. Сонымен, жазылым – тілдік дағдылардың арасында оқушының нәтиже көрсететін, яғни алған білімін іс жүзінде дәлелдеп көрсете білетін күрделі процесс. Жазылымда біріншіден, өз ойын әбден жүйелеп, айтар ойын да логикалық қисынды сақтай отырып, мәтіннің композициялық құрылысына бағына отырып жазады. Екіншіден, тілдік нормаларды сақтайды. Лексикалық норма, грамматикалық норма, орфографиялық норма тәрізді тілдік нормалардың бірде-біреуі назардан қағыс қалмайды. Сауаттылық қатаң талап етіледі. Пунктуациялық ережелерге бағынады т.б. Өзінің ана тілінде, мемлекеттік тілде сауатты жазатын, қазақ тілі пәнінен алған білімін іс жүзінде көрсете біліп, ойын қағаз бетіне еркін түсіре алатын ұрпақ даярлау біздің маман ретіндегі басты борышымыз. Бұның барлығы біздің тарапымыздан әзірленген элективті курс бағдарламасының тақырыбы өзекті екендігін көрсетеді.
Оқушылар жазылым дағдысының адам өміріндегі мән-маңызын түсініп, мазмұндық, логикалық тұрғыдан қисынды, тілдік нормаларға сай, жазылатын жанр талабы сақталған жазылым дағдыларын меңгереді. Мәтін түрлерін, әр түрлі стильдегі шығармаларды, эссе, ғылыми жоба тәрізді шығармашылық жұмыстарының жазылу талаптарын меңгеріп, өз жандарынан түрлі тақырыптағы аталған жанрдағы туындыларды ойдағыдай жазуға талаптанады.
Тілдік дағдылардың арасында оқушының нәтиже көрсететін, яғни алған білімін іс жүзінде дәлелдеп көрсете білетін дағдысы – ол жазылым. Жазылым – негізінен күрделі процесс. Себебі, сөйлеу барысында ауызекі сөйлеу стилінің элеметтері енеді, сөйлем құрылысында да әдеттегі нормадан ауытқушылықтың болуы заңды құбылыс болып саналады. Ал жазылымда оқушы, біріншіден, өз ойын әбден жүйелеп, айтар ойын да логикалық қисынды сақтай отырып, мәтіннің композициялық құрылысына бағына отырып жазады. Екіншіден, тілдік нормаларды сақтайды. Лексикалық норма, грамматикалық норма, орфографиялық норма тәрізді тілдік нормалардың бірде-біреуі назардан қағыс қалмайды. Пунктуациялық ережелерге бағынады т.б. Сондықтан, жазылым дағдысы оқушының сауаттылық деңгейін біршама толық көрсете алады деп айтуға болады.
Жазылым тапсырмаларының мақсаты – белгілі бір тақырып төңірегінде, мәтін негізінде өз ойын жинақтап жаза білу, тақырыпты түсінгендігін және оны өзгелерге жеткізе білетіндігін көрсету, грамматикалық нормаларды сақтай отырып, сауатты жаза білетіндігін таныту. Жалпы жазылым тапсырмалары арқылы оқушылар бойында төмендегідей дағдылар дамиды:
– сауатты жаза білуге дағдыланады;
– орфографиялық заңдылықтарды меңгереді;
– пунктуация ережелерін біледі;
– өз ойын жинақтап жеткізе біледі;
– сөздер мен сөйлемдерді өзгертіп жаза алу дағдысы дамиды;
– синонимдерді орнымен пайдалана алады.
– ізденіс жұмысын жүргізеді, нәтижесінде сөздік қоры артады;
– Шығармашылық қабілеті дамиды.
Жазылым тапсырмаларының түрлері:
– диктант жазу;
– суретке қарап әңгіме құрау;
– мәтінді кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды бөлімдерге бөліп жазады;
– сөйлемдерді трансформациялау, қысқарту, кеңейту;
– синоним сөздерді қолдану мүмкіндігі бар тапсырма түрлері;
– эссе жазу;
– белгілі бір тақырыпты, мекен мен оқиғаны сипаттап немесе суреттеп жазу;
– оқылым және тыңдалым материалдары бойынша негізгі ақпаратты сақтай отырып, өз жанынан мәтін жазу;
– қазақ тілінің дыбыстар жүйесін, үндестік заңын, емлелік ерекшеліктерін ескере отырып, орфографиялық нормаға сай жазу;
– үндестік заңын сақтап, сауатты жазады;
– түпнұсқа мәтіннен жинақы мәтін дайындау;
– мәтіндегі негізгі ақпараттарға сүйеніп, жинақы мәтін жазады;
– зат есімдерді жалғаулар арқылы түрлендіреді;
Жәмила АРЫҚБАЕВА,
Гүлназира АЛИМОВА
С.Мәуленов атындағы гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері
Қостанай қаласы