Қала күніне орай шеберлік сабақтары ұйымдастырылды

Қала күніне орай шеберлік сабақтары ұйымдастырылды

Елімізде саламатты өмір салтын қалыптастыруға баса назар аударылып келеді. Қала тұрғындарын бұқаралық спортқа тарту шаралары Қостанайдың 145 жылдық мерекесінде кеңенін қолданылып жатыр.

Мәселен, қаладағы шахматшылар клубы бір мезгілде бірнеше балғындардың басын қосып, турнир ұйымдастырды. Шахмат клубының бапкері Евгений Метелено бір өзі бірнеше ойыншыға қарсы тұрып, жас ойыншылардың қарымын байқап көрді.

“Адамның ойлау жүйесін дамытатын айла-тәсілге құрылған ойын қазір кеңінен қанат жаюда. Қазір де осы жағдайға куә болып отырмыз. Әсіресе, балалар арасында қызығушылық артқан. Тіпті арасында ұзақ партиямен аяқтаған жасөспірімдер де болды”, – дейді Евгений Метелено.

Қостанайдағы 22 – мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Мұқанай Нұрсейітов осы жарысқа бес бала дайындап әкелгенін айтады.

“Ол бесуінің бәрінде бірдей дәреже бар. Бірақ ондай балаларды бұл ойынға қатыстырмайтын болды. Сол себепті жаңадан шахматты бастаған шәкіртімнің бағын сынап көргелі тұрмын”, – дейді Мұқанай Нұрсейітов.

Данил Огай шахмат үйірмесіне бұған дейін барып көрмеген. Әйтсе де екі жылдан бері құрбыластарынан қалмай ойын техникасына бейімделіп қалған.

Бұл іс-шараға “Тобыл” баскетбол клубының шәкірттері де атсалысқанын айта кетейік.

“Осының бәрі қала тұрғындарын спортқа тарту үшін ұйымдастырылып жатыр. Бұқаралық спортты дамыту сіз бен біздің басты міндетіміз”, – дейді “Тобыл” баскетбол клубының директоры Сергей Волков.

Саниға Бекенова баскетбол ойнауға біршама икемделіп қалғанын байқатты. Кез келген қашықтықтан допты себетке түсіруімен ерекшеленіп, өткен-кеткен қала тұрғындарының көзайымына айнала білді.

“Баскетбол ойнағанда өзім тамаша бір әсерге бөленемін. Осыны айналамдағыларға нұсқауға асығамыз. Бүгінгі шеберлік сабақтары жақсы өтті”, – дейді Саниға.

Ал, “Тобыл” футбол клубының тосынсыйы алдыңғыларынан да асып түскендей. Аталған ұжым әйгілі фристайлшы Алматы Қырғызбайды қала күні мерекесіне арнап алдырған.

“Осылай құрмет көрсетіп арнайы шақырған Қостанай жұртына алдымен алғыс білдіремін. Бұл спорт түрі алғашқы кезде таңсық әрі қиын көрінгенімен техникасын меңгергендер алып кетіп жатыр. Осындай шеберлік сабақтарын еліміздің әр түкпірінде жиі өткізіп тұруға тырысамын. Қостанайда да талантты, алғыр балалар бар екенін аңғардым”, – дейді Алматы Қырғызбай.

Алматы Қырғызбай ниет білдірген балғындарды жинап түрлі жаттығу үлгілерін көрсетіп берді. Қайталап жақсы орындаған балғындар қымбат сый-сияпаттарға ие болды.

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков 

Жаңалықтармен бөлісу