Қостанайлық боксшы қыз әлем чемпионатынан қола медальмен оралды

Қостанайлық боксшы қыз әлем чемпионатынан қола медальмен оралды

Үндістанның Дели қаласында әйелдер арасында өткен әлем чемпионатынан жерлесіміз Надежда Рябец қола жүлдемен оралды. Қостанай темір жол вокзалынан жүлдегерді жанкүйерлер, боксшының туған-туыстары мен достары, спорт басқармасының өкілдері қарсы алды. 

Жарысқа әлемнің 65 елінен 12 салмақ дәрежесі бойынша  300-ден аса спортшы қатысқан. Надежда 66 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті. Ол төрт жекпе-жек өткізіп, үшеуінде жеңіске жетті.

            – Көңіл күйім өте керемет. Өйткені, туған жеріме аман-есен оралдым. Үндістанның ауасы өте лас. Сол себепті түрлі ауру жұқтырып алмасақ екен деп уайымдап жүрдік. Елге оралғанда кеңінен тыныстап алдым. Халықаралық деңгейде алғаш өнер көрсетуім емес. Алайда, ол елдегі алғашқы сайысым ауыр болды. Төрешілердің шешімін біршама уақыт күтіп қалдық. Соңында менің қолымды көтерді. Жартылай финалда Қытайлық боксшы қызбен кездестім. Нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар, қола жүлдеге ие болдым, – деді Надежда Рябец.

Надежданың бокспен айналысып жүргеніне 12 жыл. Қазір жасы 22-де. Бір апта уақыт тынығып алып, қайта жаттығуға кірісетінін жеткізді.

            – Босаңсуға болмайды. 5-6 күн үйде ата-анамның, бауырларымның қасында демалып, қайта жаттығуды бастаймыз. Алда жарыстар жетерлік. Бәрі енді басталып келеді. Жазғы спартакиадаға қатысамыз. Алда Париж қаласында өтетін Олипиадаға қамдану керек, – деді ол.

Айта кету керек, Надежда Рябец Қазақстанның бес дүркін чемпионы, жасөспірімдер арасында әлем чемпионы, Азия жастар чемпионатының жеңімпазы, 2020 жылы Токио Олимпиадасының қатысушысы. ҚР спорт шебері.

Әлем чемпионатының жүлде қоры – 2,4 млн доллар. Надежда қола жүлдесі үшін 25 мың доллар алады.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Сурттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу