Абай күні қарсаңында облыс әкімінің орынбасары дәріс оқыды

Абай күні қарсаңында облыс әкімінің орынбасары дәріс оқыды

Оныншы тамызда Қазақстанда Абай күні тойланатыны мәлім. Осыған байланысты еліміздің әр түкпірінде мәдени іс-шаралар бастау алды. Қостанайлық зиялы қауым өкілдері ұлы Абайдың қара сөздерін талдап, дәріс оқу челленджін өткізуді қолға алды. Бұл челледжді облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали бастап берді.

Ринат Зәкиұлы бүгінгі қоғамның қайшы әрекеттеріне Абайдың он бесінші қара сөзін мысал етіп алды.

“Ақылды кісі мен ақылсыз кісінің, менің білуімше, бір белгілі парқын көрдім.
Әуелі – пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды. Сол қызықты нәрсесін іздеген кезі өмірінің ең қызықты уақыты болып ойында қалады. Сонда есті адам, орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен дағы, күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен. Оған бұл өткен өмірдің өкініші де жоқ болады екен.
Есер кісі орнын таппай, не болса сол бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шағын итқорлықпен өткізіп алады екен дағы, күнінде өкінгені пайда болмайды екен. Жастықта бұл қызықтан соң және бір қызық тауып алатын кісімсіп, жастығы тозбастай, буыны босамастай көріп жүріп, бірер қызықты қуғанда – ақ мойны қатып, буыны құрып, екінші талапқа қайрат қылуға жарамай қалады екен. Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?”, – дейді Абай осы бір қара сөзінде.

Ринат Мұхаметқалидің пайымдауынша, ұлы бабамыздың бұл сөзін үш түрлі формада алып қарауға болады.

“Бұл жағдайды үшке бөліп қарауға болады. Біріншісі есті кісінің сипаттамасы, келесі есер кісінің сипаттамасы, үшінші қадам жақсысын алып, жаманынан құтылу. Осылайша, қоғамды пайдалы іске ұмтылдыру, білімге талпындыру”, – деп атап өтті Ринат Зәкиұлы.

Қазіргі қоғамда да, ол заманда да есті кісілер өтті. Соның бірі осы Абай атамыздың замандасы Ыбырай Алтынсарин. Бас-аяғы қырық сегіз жыл ғұмырында он алты білім ордасының ашылуына себепкер болған тұлға.

 

“Екінші формада алып қарасақ, қоғамда ондай мысалдар көп. Қазіргі заманауи техниканың дамуы осыған үлкен себеп болып отыр. Әр жеке тұлғада үш-төрт түрлі әлеуметтік желі топтары бар делік. Соның бәрін бір аралап шықсаңыз қаншама уақытымыз зая кетеді. Қырық күн ойын, қырық күн тойын өткізіп, сауық-сайран құрған о заманның дәстүрін сол күнгі данышпандар сынаған. Одан құтылудың жолы сол технологияны пайдалы нәрсеге икемдеу”, – деді Ринат Зәкиұлы.

Бұл үш форманы пирамида түрінде алып қарауға болады.

“Данышпандарымыздың мұра етіп қалдырғанындай, бүгінгі ұрпақ ертеңмен өмір сүрген абзал. Әуелі білімге, ақылды болуға ұмтылып, ақыретте есеп беруді ойлауымыз керек. Дүние бұл жерде соңғы орында болған дұрыс. Бірақ адам ең алдымен жақсы ғұмыр кешуді, материалдық қажеттіліктерін ойлайды. Халықтың бұл талпынысы қай заманда да бай, шонжарлардың пайда болуына әкелді”, – деп атап өтті спикер.

Мәселен, Арно Бернар әлемдегі ең бай адам саналады. Оның әр елде жетпістен астам сауда орындары қалыптасқан. Бірақ ол өз қолымен ештеңе өндіріп көрмеген. Тек шетелден табыс тауып, қоғамға қажетті қымбат заттарды сатумен ғана айналысып келе жатыр. Оның заттарына материалдық құндылықты жоғары қоятын халық мүдделі. Соның арқасында әлемдегі ең бай адамға айналып отыр.

Бұл дәріске мәдениет, білім саласының мамандары қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали дәріс соңында бұл челлендж эстафетасын облыстық мәслихаттың депутаты Қырмызы Жаңбыршинаға табыстады.

Айбек ЖҮЗБАЙ 

Суреттерді түсірген Ернұр ӘУЕЗХАН 

Жаңалықтармен бөлісу