“Қостанай таңы” газетінің ұжымы тағы бір тамаша жобаны қорытындылады. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында “Армысың, әз-Наурыз!” ұжымдық бейнебайқау жарияланған болатын. Бүгін жүлдегерлері анықталып, редакцияда марапаттау рәсімі өтті.Аз мерзімде бейнебайқауға оннан астам ұжымнан бейнеқұттықтаулар, мейрамдық бейнебаяндар, сахна қойылымдарының видеонұсқалары келіп түсті. Арнайы комиссия үздіктерін саралап, жүлде тағайындады. Сонымен, 1-орынға Ы.Алтынсариннің облыстық мемориалдық музейі ие болды. Бұл ұжымның бейнемонтажы ерекше бағаланып отыр. 2-орын Рудный қаласындағы №7 мектеп-гимназия ұжымына бұйырды. Олар Наурыз мейрамының ерекше нақышын көрсете алған. 3-орынға Қостанай қаласындағы №115 мектептің “Жас актер” үйірмесінің оқушылары лайық деп танылды. Жас дарындар қазақтың салт-дәстүр, ырым-жоралғыларын қойылым түрінде көрсете алған. Мұның сыртында, сайлау науқаны кезінде жауапты жұмыс істей жүріп, байқауымызға үн қосқан Қостанайдағы №45 сайлау учаскесінің комиссиясына да құрмет көрсетілді.
Барлық жүлдегерге диплом, алғыс хат, сондай-ақ “Шаңырақ” бутигі мен “Қазаннан” бренді және “Қазақстан” кинотеатры тағайындаған сый-сияпаттар табыс етілді.Алдағы уақытта “Қостанай таңы” газеті бұдан да қызықты, бұрынғыдан да тартымды байқаулар жарияламақ ниетте. Назарларыңыз бізде болсын, құрметті оқырман!
Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев