Қыркүйек айында Әулиекөл ауданының Көктал ауылында фельдшерлік пункт құрылысы аяқталып, халыққа пайдалануға берілмек. Бұл туралы аудан әкімі Жансұлтан Тәукенов айтып берді.
Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту бағдарламасына сәйкес Көктал ауылында құны 260 млн теңгеге фельдшерлік пункт құрылысы жүріп жатыр. Онымен қоса 42,8 млн теңгеге инженерлік желілерді тарту жұмыстары жүргізілуде. Жоспарға сай аяқталу мерзімі 1 қыркүйекте.
Биылғы жылы Тимофеевка ауылында 562 млн теңгеге дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілген болатын. Қазір ол жерде ауыл тұрғындары ем алады.
– Новоселовте 266 млн теңгеге және Юльевте 255 млн теңгеге фельдшерлік пункттер құрылысының жобалары әзірленуде. Сондай-ақ 125 млн теңгеге станционарға күрделі жөндеу жүргізілді, – дейді аудан әкімі.
Денсаулық сақтау мекемелерін медициналық құрал-жабдықтармен жабдықтауға жыл басынан бері 144 млн теңге бөлінген. Ал 36,2 млн теңгеге құрал-жабдықтар сатып алынды.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА