Қазіргі таңда азаматтық істер бойынша дауларды шешу барысында Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 17-тарауына сәйкес тараптарды татуластыру рәсімі ретінде медиация қолданылады. Медиация деп тараптардың өздері, бірақ үшінші бейтарап тұлғаның көмегімен, екі жаққа да қолайлы шешімге қол жеткізуге негізделген дауды (жанжалды) реттеу рәсімі деп түсіну керек. Басқаша айтқанда, медиация екі тараптың да мүдделерін қанағаттандыратын келісімге қол жеткізуге көмектеседі. Елімізде «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілгенге дейін барлық дауларды сотта шешу қажет болды. Медиация институтының енгізілуі дауларды соттан тыс жолымен реттеу саласындағы біздің еліміздің дамуының жаңа кезеңі.
Дауды бейбіт жолмен реттеудің тәсілі ретінде медиация сот процесіне қарағанда бірқатар артықшылықтарға ие. Медиация рәсімі ұзақ айлар бойы қаралатын сот талқылауына қарағанда қысқа мерзімде жүзеге асырылады. Сонымен қатар сотқа, заңгерге жұмсалатын шығындарды болдырмауға, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, медиация рәсіміне қатысушылар дауды шешуге көмектесетін медиаторды таңдауға құқылы. Ал, сотта мұндай өкілеттіктер тараптарға берілмейді.
Істі мәні бойынша қарау кезінде сот дауды заң тұрғысынан қарап, ол бойынша бір тараптың ғана пайдасына шешім шығарады, ал медиацияда екі тараптың да мүддесі көзделе отырып, жеңілген тарап болмайтындай етіп дауды шешуге мүмкіндік береді.
Тараптар дауды реттеу кезінде көбінесе олар туралы мәліметтердің құпия болып қалғанын қалайды. «Медиация туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабына сәйкес медиация құпиялылық қағидатының негізінде жүргізіледі. Сондықтан азаматтық істер бойынша талап қоюлар ашық сот отырысында қаралса, медиация көпшілікке жария етіле бермейді.
Медиация рәсімі дауды бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік береді. Дауды сотқа жеткізбей нүкте қою тараптарды эмоция- лық күйзелістен, олардың арасындағы достық қарым-қатынасты сақтауға, дау бойынша өзара келісімге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Бұдан басқа дауды шешудің басқа балама әдістеріне қарағанда медиацияның тағы бір артықшылығы ретінде төленген мемлекеттік баждың төлеушіге қайтарылатынын да атап өткен жөн.
Медиация өз кезегінде азаматтардың арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға, талас-тартыс деңгейін төмендетуге, тараптардың бір-біріне деген қарым-қатынас мәдениеті мен этикасының жоғалмауына, ерікті түрде орындалатын шешімдердің көбеюіне әкеледі. Соттардағы істің жүктемесін азайтып, сапалы сот шешімдерінің көбеюіне, бюджет қаражатын үнемдеуге, сонымен бірге қарапайым халықтың сот жүйесіне деген сенімділігін арттырады.
Сонықтан қоғамда қатынастардың күрделенуіне байланысты оны реттеуде соттан басқа баламалы әдістердің болуы адамдардың өздері үшін қолайлы институт. Өйткені біздің заманауи мемлекетіміз барлық қолданыстағы салаларда белсенді түрде дамып келеді, ал медиация өз кезегінде дауларды шешудің заманауи тәсілі ретінде азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға көмектеседі.
Д.ЖАНАБАЕВА,
Рудный қалалық сотының судьясы