Торғай даласындағы тасқыннан кейінгі тіршілікке тұтас ел көз тігіп отыр. Табиғи апат есеңгіретіп кеткен ағайын енді ғана ес жиып, еңсе көтере бастады. Қазір зардап шеккен елді мекендерде тұрғын үй құрылысы қызып, шығындар өтеліп, олқылық орнын толтыру жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Осы өңірдегі ахуал мен халықтың қазіргі халі, атқарылып жатқан, жоспарға алынған жұмыстар туралы білмекке Жанкелдин ауданының әкімі Шота Сәбитбекұлы Оспановты сұхбатқа тартқан едік.
– Төтенше жағдай кезінде тасқынның тұрмыстық зардабынан бөлек, жол қатынасының үзілуі айтарлықтай қиындық тудырғаны бәрімізге аян. Қазіргі ахуал қалай? Облыстық, аудандық маңызы бар тас жолдарды жөндеуге, қалыпқа келтіруге қандай қам жасап жатсыздар?
– Су тасқыны кезінде аудандағы барлық жол бұзылды деуге болады. Бұрын-соңды су баспаған жерлердің өзін, суағарлары болсын-болмасын, ағыс екпіні шайып кетті. Айталық, аудандық маңыздағы Торғай, Шеген, Ақшығанақ, Қызбел, Аралбай-Көкалат бағытындағы жолдарға нұқсан келді. Облыстық маңыздағы Шилі-Милісай жолын да су шайды. Былайша, ол жақта көп өзен де жоқ, бірақ қар суы көбейіп, оған тасқын қосылып, жағдай ушықты. Жалпы, сол кезеңде Торғайдан шығатын бүкіл жол үзіліп, ауылдарға қатынау қиындап кетті. Бірақ тасқын беті қайтысымен-ақ, облыс басшылығының көмегімен жол үзіктерін жалғауға әрекет жасай бастадық. Қолында техникасы бар жергілікті азаматтарды жұмылдырдық. Әлбетте, көп техника облыс басшылығының ұйымдастыруымен тыстан көмекке келді. Елдің басқа облыстарында жұмыс істеп жатқан ұйымдар, сыртта жүрген өзіміздің ірі мердігерлер де бізге бағыт алды. Олардан талап етілгені – аралда қалған ауданға өткел беру, үзілген жерлерден бір ізді жол ашып, қатынасты қалпына келтіріп беру. Бір мезетте жан-жақта асқан жеделдікпен жұмыс істеді. Әйтпесе біз өз күшімізбен әр жақта бұзылған жолдың барлығын бүтіндеп, қатынасты қамти алмайтын едік. Қазір барлық жақпен қатынас бар. Енді осы уақытша жалғанған жолдарды қалпына келтіру үшін тәуелсіз сметашыларды іске қосып, есебін шығарып жатырмыз. Арнаулы мамандар келіп, барлық жолды мұқият қарап, тексеріп, қай жерден суағар жасау керек, қай тұсты қалай қалпына келтіру қажет, қай жерді қайта көтеру керек – соның бәрін жобалап, қағазға түсірдік. Әзірден-ақ кейбірінің сомасы белгілі болып жатыр. Шыққан-шыққанынша облыстық бюджетке ұсыну үстіндеміз. Ал жоғарғы жақ алдағы уақытта барлығын қарап, бағамдайды. Сосын бізге қаражаты бөлініп жатса, жарияланған төтенше жағдай режимі аясында құрылысшы ұйымдармен екіжақты келісімге отыруға мүмкіндігіміз бар.
– Қазір қолға алынған және алда атқарылатын жұмыстар туралы жергілікті халықты ақпараттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр ма?
– Бүгінгі таңда мен алты айлықтың қорытындысымен ауылдарды аралап, есеп беру жиындарын өткізіп жатырмын. Барлық тұрғынның көкейіндегі сауал-сұрақ ортақ, алаңдатар мәселелері бізге белгілі. «Жол қалпына келе ме? Қысқа осы бір бір табан жолмен қаламыз ба? Қалайда келтіру керек емес пе?» деген сыңайлы түйткілдерді көтеруде. Осының бәрінің жай-жапсарын қолдан келгенше түсіндіріп жатырмыз. Бұл мәселелерден “бізге қатысты емес” деп қашуға болмайды. Әрине, бұның бізге тікелей қатысы бар, техникалық құжатын жасаттық, оны өткізіп те қойдық. Облыстық бюджетті қарайтын комиссия мақұлдаудан өткізіп, тиесілі қаражатты бөлсе, дереу жұмысты бастап кетеміз. Өйткені ол өз ауданымыз үшін керек. Бір нәрсені ашып айту керек, асфальті ыдырап кеткен жерлер биыл асфальтталып шықпайды. Мысалы, облыстық маңызы бар Арқалық-Торғай жолының Тәуіш ауылы тұсындағы екі жерден үзілген учаскесін биыл асфальттамайды. Тек қалпына келтіреді, су шайып кеткен топырақ-құмы қайта бекітіледі, кейбір қосымша суағарлары салынады. Сосын қиыршық тас төселіп, бір жыл жатқызылады да, келесі жылы асфальт құйылады. Мұның бәрі техникалық құжатқа бастан-аяқ енгізілген. Қалай болғанда да, бұл үнемі халық көтеріп, алдымыздан шығатын сұрақ қой. Соған жауап беру үшін өзіміз де жанталасып жұмыс істеп жатырмыз. Уәдені қайта-қайта бере берсең, халық та қажиды. «Ертең, арғы күні істелейін деп жатыр» деп алдарқатқаннан гөрі, кейбір мәселелердің ашығын айту керек. Бес бағыттағы жолдың барлығын бір жылдың ішінде қалпына келтіруге мүмкіндік бар ма, жоқ па – ол да қаржы мен техникалық мүмкіндікке байланысты. Халық көбірек ұйысып отырған елді мекендердегі жолдарды бірінші кезекте қалпына келтіреміз деп ойлаймын. Әрине, барлық елді мекенде де халық бар ғой, аз-көп деп алалап бөлуге болмайды. Бұл жерде әңгіме жұмыстың реттілігінде болып отыр. Бастысы, биыл қысқа дейін бүкіл жол істеліп қалса деген тілек бәріміздің де көкейімізде бар. Ал, жалпы, жобалық-құндық құжаттары толықтай дайын.
– Табиғи апат салдарынан қаншама тұрғын үйсіз-күйсіз қалды, мал-мүлкінен айырылған адамдар көп. Тасқын сейілгеннен кейінгі комиссия жұмысының нәтижесі туралы айтып бересіз бе?
– Комиссия, техникалық бағалау, тәуелсіз сарапшылар жұмысының қорытындысы бойынша, аудандағы су басқан елді мекендерде 88 үйге нұқсан келгені анықталды. Негізі, санау, есепке алу жұмыстарына су тасқыны жүріп жатқан кезден-ақ кірісе бастадық қой. Өйткені «үлгермей қалармыз, су кіріп тұрған кезде көзбен көру керек» деген қағидаға сүйендік. Мысалы, Тәуішті бір айдай су қоршап тұрды, деңгейі қайта-қайта көтеріліп, қауіппен бетпе-бет отырдық. Соған қарамастан, комиссия жұмысын тоқтатпады, қадағалаушы, бағалаушылардың барлығын құрамдарына алып, жұмысты жалғастыра берді. Нәтижесінде қираған, бүлінген үйлердің дәл саны дер кезінде шығарылды. Қазіргі уақытта баспанасынан айырылған 41 отбасыға арналып үй салынып жатыр. 27 жанұя таңдау мүмкіндігі ұсынылғаннан кейін Арқалыққа көшуге ниет білдірді. Біз де сол кезде халықтың өзіне сұрау салдық. “Торғайға барасыз ба? Ақшығанақта тұрғыңыз келе ме? Аудан көлемінде қай жерді қалайсыз, сол жерден баспана салып береміз” деген ұсыныс айттық. Енді, халықтың біраз бөлігінің мүмкіндікті пайдаланып қалғысы келгені анық, бала-шағалары өсіп келе жатыр, балалары қалада оқып жатқан кісілердің де ауылда отыра бергісі келмейді ғой, мәселен. Жағдайларын ойлайды. Өздері барып тұрмаса да балалары үшін, отбасы үшін «қаланың аты – қала» деп, Арқалықтан үй алып қалғысы келген болар. Осындай қалауы бар 27 адамнан өтініш түсті. Бүгінде оның 13-і екінші нарықтан үй сатып алды. Қаражатын мемлекет төледі, ішінара қайырымдылық қорынан да қаржы алғандар бар. Қалған 14 отбасы қалада салынып жатқан 50 пәтерлі көп қабатты үйді күтіп отыр. Сертификаттары қолдарында. Сосын, нұқсан келген үйлердің жиырмасына күрделі жөндеу жүргізу шешімі шығарылды. Мамандар стандарттарға сәйкес есептеп, бағаларын шығарып берді, сол арқылы үй иелеріне тиесілі қаражат аударылды. Олар, әлбетте, өз үйлерінде қалады. Сонымен, барлық зардап шегушінің өтініштерін толық қанағаттандырдық.
Мал шығынын есептеу бойынша да жүйелі жұмыс жүргізілді. Өлексесі табылған, Ауыл шаруашылығы жануа- рларын сәйкестендіру жүйесінің (ИСЖ) тіркеуінде бар деген мал басының барлығының шығыны түгелдей есептелді. Жалпылай алғанда,
220 млн теңгенің үстінде қаражат төленді. Бұл – бір бөлек шаруа. Бекітілген алгоритм бойынша, шығынға ұшыраушының ауызша дәлелдемесін тіркеу де жеңіл жұмыс емес. Малдың өлексесі табылмаса да, ИСЖ-да болмаса да, үш адам куәлік жасаса, шығынын төлеу деген бар ғой. Мұндай өтінім берушілерді де комиссия барынша қарауға тырысты.
Дүние-мүлік шығындары да толық төленді. Мұнда да үй-ішіндегі тұрмыстық қажеттілікке тұтынылатын мүліктер болмаса, әшекей заттар есепке алынбайды. Өтемақысы берілетін заттардың арнаулы тізімі де бар. Комиссия жапа шегушілердің үйін аралап, сауалнама жүргізіп, тексеру өткізу нәтижесінде, қолмен толтырылған өтініштер негізінде оларға да бағалау жүргізді. Қорытындысында, 20 млн теңгенің үстінде тауарлық-материалдық құндылықтарға қаражат төленіп отыр. Жапа шегушілер үй салып жатыр ма, көшіп кеткелі отыр ма, оған қараған жоқ. Бұдан бөлек, күрделі жөндеу жұмыстарына 90 млн теңгенің сыртында қаржы төлеп отырмыз. Ал үйлердің “Қазақстан халқына” қорынан, бюджет есебінен және басқа да қаражат көздерінен салынып жатқанын білесіздер. Облыс әкімінің ұйымдастыруымен, өңірде табысты жұмыс істеп жүрген әлеуетті кәсіпкерлердің барлығы осы іске тартылды. Біз шалғай ауданбыз, бізге құрылыс материалдарын тасудың өзі қиын. Бұл үй салуға келген мамандарға да оңай емес. Олардың орналасуы, тамақпен, жатын орнымен қамтылуы – барлығы жергілікті атқарушы органдарға, яғни бізге жүктелді. Соның бәрін ойдағыдай атқарып келе жатқан сияқтымыз. Күнделікті, ағымдық жұмыстар кезінде ұшырасатын кейбір мәселелерді де дер уақытында шешуге күш салып келеміз.
Әрине, әуел баста дүние- мүлкінен, баспанасынан, жанбағарынан айырылған халықтың уайымға салынғаны түсінікті. «Енді қайттік, қалай болар екен?» деп алаңдағаны айтпаса да түсінікті. Тіпті уәде берілген күннің өзінде, айтылған сөз бір басқа, оның орындалуын күтеді ғой. Мінеки, Президенттің, облыс әкімінің, барлық басқармалардың тарапынан айтылған уағдалар орындалып, қазір халықтың көңілі орнына түсті деуге болады. Әрине, бірен-саран олқылықтар болуы мүмкін. Ахуал әбден орныққанша да 1-2 жыл керек болады ғой. Біреуіне сарай жетіспейді, біріне қора керек дегендей… Оның бәрін елеп-екшеп, орнықтыра берерміз. Одан кейін шаруа қожалықтары тарапынан: “Ауыл ішіндегі үйлерді салып жатырсыңдар, су шайып кеткен біздің қыстақтағы үйлерге назар бөлінбес пе екен?” – деген уәждер айтылып жатыр. Қанша шағын үй болса да, құжаттары болса, оған да облыс басшылығы тиісті деңгейде назар бөлді. Қазіргі уақытта қыстақтар салуға, жөндеуге қаражат бөлінді. Техникалық құжаттары бар үйлерге молырақ, түгел еместеріне аздау көлемде берілді. Қолына тиесілі қаржысын алғандар бекітілген акт аясында алты айдың ішінде істеген жұмыстарын қолма-қол көрсетуі керек, әрқайсысын қабылдап алуымыз қажет. Үй салуға немесе жөндеуге деп берілген қаражат өз мақсатына жұмсалуға тиіс. Өйткені әр жеке тұлға уағдаластықпен үшжақты келісім-шартқа қол қойды.
– Тасқын салдарынан құлаған, тұруға жарамсыз болып қалған үйлердің жайы не болмақ? Қандай да бір кәдеге жарату, пайдалану мүмкіндігі бар ма?
– Жаңа баспанаға кіргелі отырған тұрғындар мемлекетке меншігіндегі жерлерін қайтарып беріп жатыр. Өйткені олар басқа жер телімін алады. Ауылдық жерде тұрған соң сарай, қора-қопсы керек, ауласына қоршау жасау керек екені түсінікті. Сондықтан тұрғындарға: “Ескі үйлеріңнен жарамды дүниелерді алыңыздар, ал жарамсызын жою, шығарып тастау біздің міндетімізде”, – дедік. Қазір халық сол шаруаның қамына кірісті. Біз күтіп отыр-мыз. Қазір баса-көктеп барып, экскаватор мен КамАЗ апарып, жарамдысын да, жарамсызын да тиеп алып кетер болсақ, ол да жөнсіз әрекет болар еді. Халық керегін жиып-теріп үлгере алмайды. Мәселен, кейбір үйлердің шатырлары, тақтайлары аман, едендерін бұзып алып жатса да әжептәуір материал. Әбден керек-жарақтарын алып болған соң “аяқтадыңыздар ма?” деп алдынан өтеміз де, бұзылған үйлердің орындарын тазартуға кірісеміз. Оларды үйінді етіп сыртқа бейсауат төге салмаймыз. Су келген аумақтарда ашық жерлер бар, бір жағының дамбасын көтеріп, кем-кетіктерді бүтіндеп, игілікке пайдаланғымыз келеді.
– Қазір Торғай өңіріне халықтың қоныстану барысы қалай? Жасырары жоқ, қазір ел ішіндегі: «Су тасқынынан кейін аудандағы халықтың «қаны азайып» қалды, көп тұрғын көшіп кетті. Арқалықтан үй беру қате шешім болмады ма, жұрт текке көшіп кетіп, тұрғындар саны селдіреп кеткен жоқ па?» деген сияқты әңгімелерді құлағымыз жиі шалады…
– Әрине, халықтан бәріміздің де айырылғымыз келген жоқ. Ешкімді “былай істегенің дұрыс еді, олай қылғаның бізге қолайлы еді” деп мәжбүрлей алмаймыз ғой. Ондай мәжбүрлі үгітке рұқсат та берілмейді. Әрине, Арқалыққа көшу ұсынылмағанда қалай болар еді дегенді бәріміз де іштей ойладық. «Ауылыңыздан басқа жерде тұрасыздар ма, қалаған жерлеріңіз ауданның іші болсын, кез келген жерден үй саламыз» деген айтылса, біз әлгі 27 отбасыдан айырылмас едік. Айтып-айтпай не керек, көпшілік таңдауы солай жасалды. «Қалаған ауылыңыздан баспана соғып берейік» деп, кейбір кісілерді жақынырақ тартып, қайта-қайта сөйлестік те. Бәрі де орайлы мүмкіндікті пайдаланып, қалаға қарай көш басын бұрды. Кейбірі өздері кетпегенмен, қаладан үй алып қалғанды қалайды ғой. Осы жағдайда есепке алмасақ, басқаша жағдайда ауданнан үдере көшу деген жоқ. Жалпы, урбанизация дәуірі болған соң халық бір жерде тұрақтап тұрмайды да емес пе. Көші-қон қай өңірде де тоқтамайды. Мәселен, газы бар ауданнан қалаға көшіп жатқандар бар. Қазір қаладан үй алудың жеңіл жолдары да көбейді. Тұрғын үй көп салынып жатыр. Шамалы қор жинасаң, қалалық атанып шыға келу аса қиынға соқпайды. Ауылдық жерде тәп-тәуір жұмысы бола тұра қалаға кетіп қалып жатқандарды көріп отырмыз. Мұның әртүрлі факторлары бар. Біріншіден, ауданымыз шалғай, екіншіден, қыста отын түсіру, от жағу секілді аздаған бейнеті бар. Оған мүмкіндігі келмейтін кісілер аз емес. Жастар жағы осындай қиыншылықтан қашып, бәрі дайын, жайлы жерде өмір сүруді қалайтын шығар. Сондықтан егер де бізге газ келіп жатса, көшіп кету үрдісі күрт азаяр еді деп ойлаймын. Ал енді Қызылордадан көшіп келіп, Торғайға кіндігінен байланған отбасылар бар. Осында тұрақтап, жұмыс істеп жатыр. Мысалы, Милісай ауылында екі-үш жыл тұрған қызылордалық отбасы таяуда ғана аудан орталығына көшіп келді. Жылма-жыл торғайлықтар қатарын толықтырып отыратын осындай отбасылар жоқ емес, бар. Бақша салып, кәсіп дөңгелентіп, еңбекқорлығымен үлгі болып отырған кісілерді білеміз. Тиісінше, сырттан келген ағайынды жұмысқа тұрғызуды, жағдайын жасауды қаперден шығарып көрген емеспіз.
– Шота Сәбитбекұлы, әңгімеңізге рахмет!
Кенжеш ОРАЗҒАЛИҚЫЗЫ
Жанкелдин ауданы