Қостанай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі жанынан Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов баспасөз мәслихатын өткізді. Брифингте осы жылдың 5 айындағы Арқалық қаласының даму көрсеткіштері мен алдағы даму перспективалары жайында баяндалды.
Сондай – ақ, көктемгі су тасқынының салдарын жою жұмыстары мен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының Арқалық қаласы аймағында орындалу барысы туралы ақпараттар алға тартылды.
“Қала экономикасын кезең-кезеңімен әртараптандыру жолында жалпы құны 32 млрд 400 млн теңге болатын 2 жоба жүзеге асырылатын болады. Нәтижесінде 692 жұмыс орны ашылады. “Aspan Energo” ЖШС-нің” қуаты 50 МВт жел электр станциясының құрылысы” жобасы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары алдағы тамыз айында басталып, пайдалануға беру 2025 жылғы желтоқсанға жоспарланып отыр. “Concord Investments” ЖШС-нің құны 7 млрд 400 млн теңге болатын “отқа төзімді сазды өндіру және сирек жер шикізатын қайта өңдеу” жобасын іске асыру жұмыстары басталды. Жоба нәтижесінде670 жұмыс орнын құру жоспарлануда”, – деді қала әкімі.
Кәсіпорын геологиялық барлау жұмыстарына лицензия алды, отқа төзімді сазды өндіру үшін қазу жұмыстары жоспарланған. Сонымен қатар, кәсіпорын бұрынғы Торғай боксит кен басқармасында жұмыс істеген 29 адамды жұмысқа қабылдады. Сондай-ақ, қосымша 20-дан астам адам күзетші, жұмысшы болып орналасты. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін жалпы құны 3 млрд теңгеден асатын 3 жобаны іске асыру және 12 жұмыс орнын құру жоспарлануда.
“КМК-Агрохолдинг” ЖШС-нің “Тамшылатып суару жүйесі арқылы 256 гектарға шырынды ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру” жобасын(Жоба құны 1 млрд теңге) ағымдағы жылдың қараша айында пайдалануға берілмек.
“ABAgro-KZ” ЖШС-нің “Мал шаруашылығы кешенін салу және аналық қойлардың санын 1 000 бастан 5 000 басқа дейін ұлғайту, бордақылайтын қойлардың басын 6 000 -нан 20 000 басқа дейін көбейту” жобасы (Жоба құны 500 млн теңге) 2024-2025 жылдары жүзеге асыру жоспарланған.
“Қазіргі уақытта жобаның бизнес-жоспары жасалып, Алуа ауылынан элиталық қойларды өсіруге және мал шаруашылығы базасын салуға 3 мың 800 га жер учаскесі берілді. “ТАВУЅ AGRO” ЖШС-нің “Мал шаруашылығы кешенін салу және 10 мың басқа дейін қой өсіру” жобасы(Жоба құны 1,7 млрд теңге) 2024-2025 жылдары іске асыру көзделген. Жобаның бизнес-жоспары жасалып, жайылымдық жерлер үшін және мал шаруашылығы базасын салуға Екідің ауылынан 10 мың га жер учаскесі берілді”, – деп атап өтті әкім.
Брифингтің сұрақ – жауап кезеңінде қала әкімі журналистердің қала тынысына қатысты сұрақтарына, тиісті жауаптарын берді. Онда қаланың қысқа дайындығы, қаланың көпқабатты үйлерін жөндеу, көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерді баспанамен, жұмыспен қамту мәселелері қозғалды.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы