Қостанайда утильалымға қатысты петиция қаралды

Қостанайда утильалымға қатысты петиция қаралды

Утильалым сөзбұйдаға түскелі көп болды. Тіпті, наурыз айынан бастап бұған қарсылар қол жинай бастады. Өйткені, заң бойынша, кез келген петиция 50 мың қол жинаса, оған Үкімет деңгейінде қаралуы тиіс.

Сондықтан, дау-шарға мемлекеттік органдардың өзі араласуына тура келді. Осыған қатысты арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына құхзырлы министрлік өкілдері, мәжіліс депутаттары, басқа да жауапты тұлғалар енгізілді. Мұның алдында олар Алматыда бас қосқан-ды. Бұл жолы қос тарап Қостанайға келді. Утильалымға қарсы петицияның талабын таразылау үшін делегация мүшелері алдымен жергілікті кәсіпорындарда болып, өндіріспен танысты. Өңірде қазір автомобиль, комбайн және трактор шығаратын үш зауыт жұмыс істеп тұр. Мұның сыртында “Камлит” және Киа зауыттарының құрылысы жүріп жатыр.

Қостанайдағы “МТЗ-Қазақстан” трактор жасау зауыты 2018 жылы ашылған. Бастапқыда мұнда тек дайын бөлшектер құрастырылатын.

Алғашқы жылы жиырма трактор ғана шығарылды. Жұмысшы саны отызға да жетпейтін. Бүгінде 100 адам еңбек етеді, былтыр 1 500-ге жуық трактор құрастырылды. Өнімнің отандық үлесі де артып келеді.

– Биылдан бастап кабиналарды осы жерде құрастырамыз. Дайын өнімдер еліміздегі өзге де трактор жасау зауыттарына жіберіледі. Келешекте пластик бөлшектер жасау жоспарда бар. Жалпы, елімізде трактор құрастыратын сегіз зауыт бар. Олар ішкі нарықтағы сұраныстың басым бөлігін өтеп отыр. Мәселен, жылына 6 мың трактор сатып алынса, соның 5 мың 500-і отандық өнім. Бұл өндіріс орындарында мыңдаған адам еңбек етіп, бюджетке млн-даған теңге салық төленеді деген сөз. Ал егер утильалым алынса, бұл өндіріс тұралайды, – дейді “МТЗ-Қазақстан” зауытының бас директоры Валентин Дашкеевич.

Қостанайдағы машина-трактор құрастыру зауыттарын аралаған жұмыс тобының өкілдері утильалының төл өндірісімізге тигізер пайдасы туралы нақты фактілер келтірді. Дәйекпен сөйледі. Яғни, жұрт “ұлардай шулап” жүргендей, аса бір даурығатын дүние емес. Керісінше, тиімді тұсы көп.

– Утильалымды алып тастаса, шетелден көліктің барлық түрі келеді де, мынаның бәрін жабамыз. Сосын осында жұмыс істеп жатқан қазақтың жігіттерін үйіне жібереміз. Одан кім ұтылады? Тек қазақ қана ұтылады. Есесіне шетелден көлік таситын алыпсатарлардың қалтасы қалыңдап, пайдаға кенеледі. Елде ескі-құсқы көлік қаптайды. Экологияға нұқсан келеді. Ал қазір утильалымның қаржысы тек қоршаған ортаны ластанудан қорғауға жұмсалады, – деді Қазақстанның өндірістік инвесторлары одағының вице-президенті Әліби Сұлтан.

Утильалымның негізгі операторы “Жасыл Даму” АҚ-на екі жылдың бедерінде 447 млрд теңгеге утильалым жиналған.

Алдыңғы “ӨКМ операторы” ЖШС активінен тағы терін 219 млрд. теңге өткізілген. Мұның бәрі нақты мәселелерді шешуге жұмсалып жатыр. Мәселен, экологиялық кодекстің бір бағыты шеңберінде қоқыс өңдеу және қоқыс сұрыптау зауыттарын салуға және арнайы техника сатып алуға 185 миллиард қаржы көзделген. Бұл барлық өңірді қамтиды.

– Қазақстанның экология кодексінің 388 бабында бұл қаржы жұмсалуы тиіс 14 бағыт нақты көрсетілген. Оның бәрі қоршаған ортаны жақсартуды көздейді. Қазір осы бағыттағы 94 жобаның 22-сі мақұлданды. Жуырда қаржыландырыла бастайды, – дейді ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев.

Жұмыс тобы “Аллюр” машина жасау зауытына да барды. Кәсіпорын былтыр 90 мыңнан аса автокөлік шығарды. Биылғы меже – олардың санын 110 мыңға жеткізу. Ал ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын кәсіпорын бір жылда мың комбайн, үш мың трактор, 300 сепкіш құрауға қауқарлы. Жұмыс тобы мұнан әрі утильалымға қатысты петицияны бірнеше тарап бас қосқан отырыста талқылады.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Суреттерді түсірген автор

Жаңалықтармен бөлісу