Кезінде “Қаралы көш” тарихи романы арқылы елге танылған жазушы Жәди Шәкенұлы аталар аманатын арқалап, Қостанай жеріне аяқ басты. Ендігі бет алысы Ресейдің Түмен қаласы болмақ.
“Қан кешкен ханзадалар” атты жазып жатқан шығармасының басты кейіпкері – Шығыс түрік қағанаты көшіндегі ойран болған Тұғырылхан ордасынан аман қалған немересі Тайбұға. Сегіз жасар бала хан ордасынан қашып шығып, оңтүстіктен солтүстікке келеді. Сан түрлі қиындықты бастан кешіп, ақыры Ертіс, Тобыл өзенінің қиылысында Сібір хандығын құрады. Ол туралы неміс тарихшысы Миллердің және қазақ тарихшылары Аманжол Күзембайұлы мен Еркін Әбілдің зерттеу мақалаларында жазылған.
Жазушы-тарихшы Ж.Шәкенұлының үзеңгілес ағасы Аманжол Күзембайұлы Түмен жерінде құрылған Сібір хандығының астанасына жол бастап апарғалы отыр. Тобыл-Торғай жұртының зиялы қауым ел ағалары – Ибраш Естаев,Тұрсынбай Садуақасов, Аманжол Күзембайұлы мейманға бата-тілегін айтып, үстіне шапан жауып сый көрсетті.
Ақын, драматург Ақылбек Шаяхмет “Үміт, сенім, арман” атты жаңа кітабын тарту етті.
Әңгімені басынан бастар болсақ, ежелгі түркі жұртының бір мекені қазіргі Шынжаң қазақтары қоныстанған аумақ. Кеңестер одағы құрылған тұста Алтай тауының баурайындағы қазақтардың бір бөлігінің қуғынға ұшырап арғы бетке асып кеткені мәлім. Әсіресе, 1925-1931 жылдары Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Зайсан жерінен ауған қандастарымыз арғы бет Алтай, Тарбағатай, Ілені паналаған. Бір шоғыры Алтайдан ауып Гималайдан асып Үндістан, Пәкістан жеріне де тұрақтай алмай, Еуропаға дейін жеткен.
Зұлмат жылдардың осы бір қиын тағдырын естіп өскен қаршадай Жәди Шәкенұлы есейе келе “Қаралы көш” атты тарихи роман жазуды қолға алады.
“Кең даламыз батыс түрік қағанаты, шығыс түрік қағанаты болып екіге бөлінген болса, біз шығыс түрік қағанатындағы репрессия құрбандарының ұрпағымыз. Біз көрмесек те ата-бабаларымыз көріп, солардың естеліктерін естіп өстік. Біздің тарихымыз қазақтың шекарға бөлінген қан кешу тағдырының бір парасы болды. Ол оқиғалар көптеген шығармалар жазуыма себеп болды”, – деп тебіренеді Қазақстан жазушылар одағының және Еуразия жазушылар одағының мүшесі, зерттеуші ғұлама Жәди Шәкенұлы.
Қаралы көшпен Шыңжаң Алтайынан үріккен аталарының тағдыры тарыдай шашылып, екі-үшке бөлінді де туыстары Гималай асып, Үндістан, Пәкістаннан өтіп кетеді.
“Баз кешкен күндерін айтып қарияларымыздың сақалынан су сорғалап отырғанын көзіміз көрді. Солардың әңгімесін тыңдадым. Оған қызығып, айтқандары бойынша атажұртымыздың картасын жасайтынбыз. Жүздерінен бір сәтке нұры тамып: “Біздің аталарымыз мына жерде болған деп көрсетіп беретін”. Кейін осы тақырыпта қалам тербеуге мәжбүр болдым”, – деп еске алады Жәди Шәкенұлы.
“Сол ізбен жүріп, Тобыл-Торғай еліне де келіп қалған жайымыз бар. Күні кеше Катонқарағай жерінде болдым. Сұрапыл соғыс өткен жерлерді көрдім. Кезінде Бұқтырма өзенінің аңғарында Найман хандығы мен Керей, Меркіттің әскерін Шыңғыстың қалың қолы талқандаған. Айға жуық жалғасқан қанды соғыс болған. Дарияның бойы қызыл қанға боялған. Сол ізбен Ертісті құлдар шығыстан батысқа қарай шығармашылық сапар жасап барамын”, – деді баба аманатын арқалаған тұлға.
Айта кету керек, “Қаралы көш” атты тарихи роман түрік тіліне аударылды. Жүректі шымырлап шыққан асыл туындыға Түркия Президенті Ережеп Ердоған ерекше бағасын берген. Түркия астанасында Кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылып, рухани тойдың үстіне Түркия Президенті келеді. Тура осы кітаптың алдына келген кезде:
– Ғажабын-ай, тегін болмаса керек, мынау тұрған не кітап?!” –деп сұрайды.
Сонда көрмені таныстырып тұрған кісі:
– Бұл Жәди Шәкенұлы деген қазақ жазушысының Гималай асқан қазақтардың қанды тарихы туралы жазған кітабы, – деген екен.
Екі ай өткеннен кейін Президент әкімшілігі осы кітапты шығарған баспа үйіне қоңырау шалады:
–Өткенде Президентіміз көрмеден “Қаралы көш” деген кітапты оқуға алып еді. Соны оқып шығып “Бұл барша түріктердің қанды тарихы екен. Барлық түріктер білуі керек. Кітапханаларға мемлекет тарапынан екі мың данадан таратыңдар!” деп тапсырма берді. Сіздерден сатып алуға болады ма?
Содан кітаптың авторына Түркиядан еңбек қорғаған ғалымдар хабарласты. Бауырлас елдің тарапынан “Түріктердің қанды тарихының бір парағы екен” деп қабылданды.
“Қаралы көш” романының кейіпкерлері өмірден алынған. Соның бірі – Елісхан батыр.
Бірде Елісхан нөкерлерімен келе жатып жау шауып жатқан Әлім үкірдай ауылына түседі. Ол кезде Қытайда “Үкірдай” деген лауазым болған екен. Әлім үкірдай сыртта жүргенде ауылының 117 адамын жау қырып тастаған. Өліп жатқан аяғы ауыр әйелдің ішінен бір ұл аман есен өмірге келеді. Сол баланың аты кейін Томық болып кеткен. Ол кісі бертінде ғана дүние салыпты. Романдағы оқиғалар сол Елісхан батырдың немере інісі Әдейхан Білгін деген кісінің 89 жасында айтып берген дерек көздерімен және том том кітаптардың баяндауымен жазылып шыққан. Ол қария Түркияның Алтай ауылы деген жерде тұрған. Бүкіл қырғынды көзімен көрген. Стамбул қаласындағы қарындасы Шәмшә осы кітап қолына тиісімен ағасына оқып беріпті. Ағасы еңіреп тұрып жылап, барлық оқиғаның рас екенін айтқан.
Демек, Жәди Шәкенұлы ежелгі ел ізін жаңғыртып, шығармашылық сапармен ұзақ ұзақ жолдар басқан бейнетқор қаламгер.
Аталған бас қосуда автор оқырман сауалына да егжей-тегжейлі жауап берді. Ұлт руханиятына саятын бағалы ойлар қозғады.
Кездесу соңында жұрт жазушымен естелік суретке түсіп қол таңба алды.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген – Бағдат Ахметбеков