Биылғы жазғы демалыста Кейкі батыр атындағы №4 жалпы білім беретін мектебінің «Ақ желкен» жазғы сауықтыру лагері де өз жұмысын жандандырып, түрлі байқаулар, сайыстар, жарыстар өткізіп жатыр.
Мектеп жанындағы лагерьде әртүрлі үйірмелер мен клубтар өз жұмыстарының қызықты да, көңілді өтуіне бар күш-жігерін салып келеді.
Жаздың жадыраған әр күні әртүрлі іс-шараға толы. Балалар ойын ойнап, сурет салып, дақыл өнімдерінен аң-құстың суреттерін сомдап, бір-бірінің көңілдерін көтереді.
Аула алаңқайларында «Әнші, биші балапан», «Пародия», «Көңілді қозғалыс» би байқауы, «Көшбасшы» танымдық сайысы, түрлі спорттық жарыстар өткізіліп, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына үн қосуда. Әр аптаның сәрсенбі күні балаларды бассейнге апару әдетке айналған.
«Мектеп жанындағы лагерьде 25 оқушы тегін тамақтанып, мұражайға, саябаққа, кітапханаға, театрға саяхат жасалуда. Мерекелік күндер бос өтпейді. Мысалы, «Әкелер күні» мерекесіне орай «Әке асқар тау» атты дөңгелек устел өткізіліп, аталар мен әкелердің кездесуінде қала тұрғыны, ата-ана Мақсұт Ибрагимұлы отбасы құндылықтарын насихаттап, ақыл-кеңесін берді», – дейді мектеп жанындағы лагердің «Тілашар» үйірмесінің жетекшісі Әлия Қожабекова.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы