Кешегі өткен мәжіліс пен мәслихат сайлауы елімізде 2019 жылдан бері қарқынды жүргізіле бастаған саяси реформалардың негізінде Ата Заңға ауқымды өзгерістер енгізумен ұштасып, мемлекеттің басқару институттарын қайта құрудың электоралды циклін аяқтап отыр. Ел азаматтары алда болатын үлкен өзгерістерге сенгендіктен, әділетті Қазақстан үшін, ұлт болашағы үшін дауыс берді деп айтуға болады.
Осыған дейінгі мәжіліс пен мәслихат сайлаулары тек пропорционалды сайлау жүйесі бойынша өткізіліп, сайлаушылар жеке кандидатқа емес, тек партияларға дауыс беретін. Сондықтан нақты кімнің депутат болатынына әсер ете алмайтын еді.
Енді мажоритарлы сайлау жүйесінің енгізілуінің нәтижесінде азаматтар партиялармен қатар бір мандатты округтерден сайланатын нақты кандидаттарға да дауыс берді және кімнің депутат болатынын болжай алды.
Әсіресе, жергілікті деңгейдегі бұрынғы мәслихат сайлауы партияларға ғана дауыс беру негізінде өтетіндіктен маңызды болып саналмайтын және ашықтық, саяси бәсеке болмайтын, жұртшылық селқос қарайтын, жергілікті әкімдердің салмағы басып кететін.
Жаңа өзгерістерге сәйкес Президет пен әкімдер «Аманат» партиясын басқармайтындықтан ашық, саяси бәсекелестікке, азаматтардың өзін-өзі ұсынуына жол ашты. Және де бұл сайлау түрлі саяси күштер мен қоғам белсенділерінің өзара бәсекелестік жағдайында өтіп отырғаны қуантады. Соның нәтижесінде мәжіліс пен мәслихатқа сындарлы көзқарасы, ұстанымы, өз амбициялары бар азаматтар келуі өкілді биліктің жұмысының сапасы арттыруы тиіс. Сондай-ақ олардың қоғам мүддесін қанағаттандыру үшін саяси күштер мен партиялардың көмегіне, қолдауына сүйенуіне тура келеді. Бұл өз кезегінде жаңа саяси күштердің саяси алаңға келуін жеделдетеді, өңірлерде саяси элита қалыптасады және өңірлердегі жергілікті биліктің саяси бәсекелестік жағдайында жұмыс істеуіне, олармен санасуына әкеледі, өкілді биліктің дербестігі артады.
Өңірлердегі саяси процестер тиімді жүргізілсе, елдегі саяси жүйе мен азаматтық қоғам дамиды, жалпы елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына оң ықпалын тигізеді.
«Көш жүре түзеледі» демекші, бұл сайлау барысындағы көрініс тапқан кемшіліктер сайлау комиссияларының жұмысынан бастап, елдегі сайлау заңнамаларына сапалы өзгерістер енгізу қажеттігін көрсетіп отыр. Бұл қоғамның саяси сұранысынан туындаған мәселе екені анық.
Қоғам мен жұртшылық алдағы жаңа өкілді билік пен жаңа Үкіметтен экономика мен әлеуметтік саланы сауықтыратын, азаматтардың әл-ауқатын арттыратын, дамуға бастайтын өзгерістер мен шешімдерді қабылдайтынына сенімі зор.
Төлеу ПАНИЯЗ,
саясаттанушы