Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Наурыз тойлап жатқан қалалықтарды құттықтады. Облыс әкімі алдымен Майлин көшесі 24 үйдің ауласына барды. Бұл арада қалалықтар дастархан жайып, ән-жырдан шашу шашып, ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырған.
– “Алыстағы ағайыннан жаныңдағы көршің жақын” деген сөз бар. Аула тұрғындарының бірігіп, Наурыз тойын тойлатып жатқаны көңіл қуантады. Наурыз – ақтың молайып, күн мен түннің теңесетін, татулық пен достықты дәріптейтін керемет мейрам. Аула тұрғындарының бірлесіп тазалық жүргізгені, мерекеге жақсылап даярланғаны көрініп тұр. Қалалықтарға мереке сыйлаған ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, – деді Құмар Ақсақалов.
Облыс әкімі той иелеріне сыйлықтар табыстап, «Юбилейный» шағын ауданындағы Наурыз тойына барды. Бұл арада да дастархан жайылып, ұлттық ойындардан сайыс ұйымдастырылған. Облыс әкімі аула тұрғындарымен бірге спорттық шараларға қатысты. Соңынан игі тілегін білдіріп, өзімен ала келген сыйлықтарын табыс етті.
Жалпы, Қостанай қаласында мереке қарсаңында «Наурыз – әр аулада» сайысының ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн. Сайысқа қатысуға 20 жеке мүлік иелері қатысып, 12 аулада Наурыз тойын ұйымдастырған.
Бүгінгі іс-шара туралы ары қарай суреттер сөйлесін:
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ