Наурыз тойы Арқалықта дүркіреп өтіп жатыр

Наурыз тойы Арқалықта дүркіреп өтіп жатыр

Дәстүрлі «Наурыз – Ұлыстың ұлы күні» ұлттық мейрамы Арқалық қаласының аймағында жалпыхалықтық реңкте кеңінен аталып өтіп жатыр. Іс-шараларға толы онкүндікпен басталған мерекелік думан мәдени орындарда, білім беру мекемелерінде толассыз ұйымдастырылуда.

Айтулы мерекені жыл сайын жоғары деңгейде атап өтіп, тағылымды, тәрбиелі қарекеттерімен көпшіліктің көңілінен шығып жүрген ұжымдардың бірі – Нәзипа Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжі.

Іргелі оқу орны ұстаздарының, студенттерінің күшімен қала орталығындағы «Ту тұғыр» алаңында қала тұрғындарына арналған мәдени шара ұйымдастырылып, «Наурызкөже», палау тағамдары баршаға ұсынылып, көңілді концерт, «арқан тарту», «қол күресі», «мергендік сайысы», «қой көтеру» сынды ауқымды шаралар көрініс тапты. Мерекелік шараға жиналғандарды колледж директоры Сандуғаш Алматова мен қалалық «Аналар кеңесінің» төрағасы Бақытжамал Қалтаева құттықтап, ақжарма тілектерін жеткізді.

«Бүгін біз колледжіміздің оқытушылары, ата-аналары, білім алушылары «Әз – Наурыз» мейрамын қарсы алудың алғашқы қадамдарын бастап кеттік. Оқу орнымыздың барлық курстары ынтымақтық танытып, қазақтың ұлттық тағамдары: құрткөже,бауырсақ, ет, күріш, жент, қаймақ сияқты басқа да көптеген ұлттық тағамдарын көпшілікке таратып, халыққа тегін жәрмеңке ұсынып жатырмыз. Сүйікті қаламыз Арқалығымыздың аспанында әсем әндер әуелеп, ұлттық ойындар ойнатылуда.Наурыз мейрамы барша елімізге ынтымақ, ырыс, құт-береке әкелсін», – дейді колледж директоры Сандуғаш Орекенқызы.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген автор

Жаңалықтармен бөлісу