Аманкелді ауданында тағы да қоныс тойы. Ескі үйлерін су шайған Едіресовтерге қайырымдылық қоры атынан үй тарту етілді.
Биылғы көп мөлшерде еріген қар суы ауданда онысызда ескіріп тұрған үйлердің құлап қалуына себеп болды. Ауданымыздың Дулатов көшесінде тұратын көп балалы Едіресовтер отбасы осындай ескі үйде тұрып жатқан. Бір баласы мүмкіндігі шектеулі болса да барға қанағат, жоққа шыдамдылық танытып жүрді. Алайда тозығы жетіп тұран үйі суға шыдас бермеді. Қабырлалары дым тартып, төбесі опырылып ортаға түскелі тұрған қатерлі жағдайдағы үй кімнің болса да уайымына айналары сөзсіз. Ал ондай баспананы жөндеп алуға екінің бірінің мүмкіндігі келе бермейді.Елімізде осындай көп балалы, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған жанұяларға «Асар Үме» қайырымдылық қоры көмек беруде. Қор мүшелерінің айтуынша, Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккен 40-тан астам жанұяға баспана әперу жоспарланған.
Биыл ауданымыздағы «Асар Үме» қайырмыдылық қорының өкілі Айдана ханым және Ерікті жастар ұйымының өкілдері аудан әкімнің тапсырмасымен аудандағы апатты үйлерді аралап, видеоға түсіріп жіберген еді. Алайда баспана кімге бұйыратыны белгісіз болды.Кеше 30 мамыр күні «Асар Үме» қайырмыдылық қорының өкілідері келіп, Едіресовтер отбасына пәтер кілтін сыйлап, тосын сый жасады. Онымен қоса, үйге техникалық заттар алуға қаржы сертификатын тару етті. Рәсімге аудан әкімі Талғат Тойшыбекұлы арнайы келіп құттықтап, өзінің сыйлығын тапсырды.
Волонтерлер штабының мүшелері су тасқынына байланысты құрылған қайырымдылық қорынан бұл отбасына төсек-орын жабдықтарын берді. Едіресовтер отбасы қуаныштан көз жасына ерік берді. Олардың бұл толқыныстарын көріп, жиналғандардың барлығының да көңілдері босады. Өздері осындай баспаналы боламыз деп еш уақытта ойламаған. Бәрінен де балалары қуанып жүр.
Қазақ халқы жетімін жылатып, жесірін далаға тастамаған. Осы қағида бойынша халық қорға ақша салып, мұқтаж жандарды қуантып жатыр.
Айта кетейік, “Асар Үме” қайырымдылық қоры бұған дейін Арқалық қаласында су тасқынынан зардап шеккен төрт отбасыға, Жанкелдин ауданы Тәуіш ауылында екі жанұяға баспана сыйға тартқан.