Мәжіліс экономикалық құқық бұзушылықтарды одан әрі қылмыстық сипаттан арылтуға кірісті. Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері қайта қаралды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулер екінші оқылымда қабылданды.
Қылмыстық кодекстің 219-бабы (кредиттi заңсыз алу немесе бюджеттік кредитті мақсатсыз пайдалану) мен 241-бабын (ҚР бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасын бұзу) қылмыстық сипаттан арылту көзделген.
Қылмыстық кодекстің 234-бабы (экономикалық контрабанда) бойынша жауапкершілік 10 мың АЕК-тен 20 мың АЕК-ке ұлғайтылады.
236-бабы (кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеуден жалтару) бойынша 5 мыңнан 10 мың АЕК-ке ұлғайтылады.
Сонымен қатар тиісті акт не қорытындыларында қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің болуын көрсететін жеткілікті деректері бар қорытынды қоса берілмеген және актілерге қатысты жоғары тұрған органға не сотқа шағым жасалған кезде, сондай-ақ (жұмыстар нақты орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей не декларация ұсынылмай мәмілелер бойынша есепке жазу жүргізілген жағдайларды қоспағанда) есепке жазылған салық сомалары толық ерікті түрде өтелген кезде салық қылмыстары саласындағы істерді тіркеуге жол берілмейді.