Өңірде медиация арқасында көптеген қылмыстың алды алынған

Өңірде медиация арқасында көптеген қылмыстың алды алынған

Қостанай облысында медиацияның арқасында құқық бұзушылық және әртүрлі ауырлықтағы 20 қылмыстық іс тоқтатылды.

Бұл ақпарат мамырдың 21-і күні «Халықаралық келіссөздер академиясы» қауымдастығы» ЗТБ Қостанай облысының полиция департаментінде ұйымдастырған «Қазақстан Республикасында медиацияны дамыту:  Қылмыстық сот ісін жүргізудегі және әкімшілік сот төрелігіндегі медиация»  конференциясында айтылды.

Бірлестік төрағасы Сабыржан Қалмұхамбетовтың жетекшілігімен полиция қызметкерлері мен конференцияға қатысушылар қылмыстық және әкімшілік сот төрелігінде медиацияны қолданудың маңызды аспектілерін талқылады.

Сабыржан Қалмұхамбетов «Қазақстан Республикасында медиацияны дамыту» республикалық жобасының жүзеге асырылу барысы туралы баяндама жасап, медиаторларды мемлекеттік қолдау шараларымен бөлісті және медиацияны дамытудың жаңа тұжырымдамасының жобасы бойынша жұмыстарды таныстырды.

Қостанай облысы ІІД Тергеу басқармасының бастығы Нұрлан Арыстанов мұндай іс-шара медиация институтын тереңірек түсінуге және оны күнделікті жұмыста пайдалануға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қостанай облысы ІІД Тергеу басқармасының мәліметінше, биыл медиация нәтижесінде 20 іс тоқтатылды. Оның ішінде 7 құқық бұзушылық,  6 ауыр емес қылмыс және 7 орташа ауырлықтағы қылмыстар.

Сондай-ақ конференцияда жанжалдарды шешудегі медиацияның артықшылықтары,  медиаторлар мен құқық қорғау органдарының тиімді өзара әрекеттесу мүмкіндіктері талқыланды.

Осы күні түске дейін «Халықаралық келіссөздер академиясы» қауымдастығы» ЗТБ Қостанай облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында  «Қазақстан Республикасында медиацияны дамыту: Құқықтық жүйедегі медиацияның рөлі» атты конференция ұйымдастырып, онда отбасылық дауларды шешу үшін сотта  татуластыру рәсімдерін қолдану тәжірибесін талқылады.Айта кету керек, тек соңғы тоқсанның өзінде облыста  193 обасы некесін бұзылған. Қостанай облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Қарлығаш  Шармұхаметованың айтуынша,  мұндағытатуластырушы-судьялар саны – 5. Олардың орташа жұмыс тәжірибесі 6 айдан 3 жыл аралығында. Осы жылғы мамырдың 20-сына дейін барлығы 576 талап арыз түскен. Оның 18-і бітімгершілік келісімімен, 26-сы медиация тәртібімен тоқтатылған.

22 мамыр күні «Халықаралық келіссөздер академиясы» қауымдастығы» ЗТБ Достық үйінде «Қоғамдық Келісім» КММ, «Қостанай облысы әкімдігінің әлеуметтік даму басқармасы» ММ өкілдері, облыстың қоғамдық медиаторларымен бас қосып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту және осы мақсаттарға жетудегі медиацияның рөлін талқылады. Конференция «Этносаралық қақтығыстарды шешудегі медиация дағдылары» тақырыбындағы семинар-тренингпен аяқталды. Бұл семинар Қостанай облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық медиаторларының біліктілігін арттыруға және өңірде медиация институтын дамытуға бағытталды.

Осылайша, «Халықаралық келіссөздер академиясы» қауымдастығы» ЗТБ ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен 2024 жылдың 21-22 мамыр күндері Қостанай қаласында «Қазақстанда медиацияны дамыту» республикалық жобасы аясында ұзын-ырғасы үш конференция өткізді. Бұл конференциялардың негізгі мақсаты – Қостанай облысында және жалпы республикада медиация институтының қазіргі жағдайы мен даму болашағын талқылау, проблемалық мәселелерді анықтау және олардың  шешу жолдарын табу.

Елімізде медиация институтының енгізілгеніне  13 жылдан асты  және ол сот процесінің барлық кезеңдеріне енгізілген. Алайда «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңы оны жаңарту қажеттілігіне қарамастан іс жүзінде өзгеріссіз қалып келеді. 2022 жылы енгізілген өзгерістер түбегейлі жаңартулар әкелген жоқ, тек қолданыстағы тәжірибелерді ресімдеумен шектелді. Қазақстанда медиация қазір тоқырауда әрі қордаланған мәселелер көп. Сондықтан  елімізде медиацияны дамыту тұжырымдамасының жобасы әзірленуде әрі қолданыстағы заңға бірқатар өзгерістер мен түзетулер әзірлену үстінде.

«Халықаралық келіссөздер академиясы» қауымдастығы» ЗТБ  төрағасы Сабыржан Қалмұхамбетов осы жобаны әзірлеуші ​​сарапшылар тобына кіреді. Сондықтан Қостанай сапары өңірдегі әрі республикадағы проблемаларды анықтауға, медиация саласы мен осыған қатысты мемлекеттік саясатты реттеуді жетілдіру мақсатында медиаторлар қауымдастығы тарапынан бірлескен ұсыныстар түрінде шешімдерді әзірлеуге бағытталды.

Жаңалықтармен бөлісу