Бүгін Ақпараттандыру, мемлекететтік қызметтерді көрсету және архивтер басқармасының бірқатар қызметкері құрмет грамотасымен марапатталды.
17 мамыр — Байланыс қызметкерлерінің күні. Мерейлі күнге орай, Қостанай облысы әкімі аппаратының басшысы Мұрат Сандыбаев, Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Азамат Кашиев жергілікті байланыс операторларын құттықтады.
— Басты мақсат — тұрғындардың игілігі үшін атқарылған ұжымның орасан зор еңбегіне, телекоммуникация саласын дамытуға қосқан үлесіне алғыс білдіру. Аталған сала қызметкерлері әртүрлі байланыс арналары, оның ішінде интернет, телефон конференциясы және өзге де құралдар арқылы тәулік бойы коммуникация жасау мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Қостанай облысы бойынша бұл салада 3, 5 мыңға жуық азамат жұмыс істейді, — дейді Азамат Кашиев.
Су тасқыны аймаққа күтпеген сынақ болды. Төтенше жағдай кезінде бірқатар ауыл интернет жүйесінен айырылды. Бірақ үйлесімді жұмыс пен кәсібиліктің арқасында бәрі артта қалды.
— Облыс бойынша су тасқыны кезеңінде 42 ауылда ұялы байланыс, 50 ауылда стационарлық телефон байланысы болған жоқ. Жергілікті атқарушы органдардың, “Қазақтелеком” АҚ қызметкерлері мен байланыс операторларының жүйелі жұмысының арқасында облыстың барлық елді мекендерінде дизель-генераторлық қондырғылардың көмегімен байланыс қамтамасыз етілді, — дейді облыс әкімі аппаратының басшысы Мұрат Сандыбаев.
Байланыс қызметкерлеріне арнап ұйымдастырылған іс-шарада мақтаулы қызметкерлерге облыс әкімі атынан құрмет грамоталары, облыс әкімі аппараты басшысының атынан алғыс хаттар табысталды. Олардың қатарында бірнеше жылдан бері “Тобыл Мобайл телекомда” жұмыс істеп келе жатқан Мұрат Байахметов те бар.
— 2019 жылдан бері осы мекемеде қызмет етемін. Біздің еңбегімізді елеп, құрметтеп жатқан облыс әкіміне шын жүректен алғысымды білдіремін. Компания атынан барша әріптестерді құттықтаймын. Жұмысымыз әрқашан табысты, алдыңғы қатардан болып, халқымыз тыныштықта болсын, — дейді Мұрат Байахметов.
Бейбіт НҰРМҰХАНОВ
Суреттерді түсірген — Б. АХМЕТБЕКОВ