Қостанайда жастарға арналған бос орындар жәрмеңкесі өтті

Қостанайда жастарға арналған бос орындар жәрмеңкесі өтті

Іс-шара “Студенттік қозғалыстардың, идеялар мен жобалардың қызметін дамыту жөніндегі іс-шаралар кешенін өткізу” жобасы шеңберінде ұйымдастырылды.

Жәрмеңке жұмыс іздеп жүрген азаматтарға жұмыс берушілермен тікелей кездесуге және олармен  қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жұмысқа орналасу мәселесін жедел шешудің жолдарын табуға көмектеседі.

Аталған жәрмеңкеге ЖОО, колледж студенттері мен жұмыссыз жастар қатысты. Қостанай облысының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастыруымен өткен бос орындар жәрмеңкесіне облыстың түкпір-түкпірінен 70-тен астам ірі кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелер қатысты.

“Бос орындар жәрмеңкесі биыл 5 рет өткізіліп жатыр. 35 жасқа дейінгі жастарды қамтуға тырыстық. 1 айдан кейін оқу бітіретін студенттерге жұмыс табуға көмектесу мақсатымен үлкен ұйымдарды бір жерде біріктірдік. Жастар өздері қалаған саланы таңдап, кәсіпорын қызметкерлерінен қызықтырған сауалдарына жауап ала алады”, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Абай Дүйсеков.

Спикерлер ретінде өңірдің жарқын кәсіпкерлері мен қоғам белсенділері келді. Олар жастарға аумақтағы еңбек нарығы, кәсіпорындардағы бос жұмыс орындары туралы ақпарат берді. Спикерлер қатарында “Бек” шаруа қожалығының директоры, “Nurly Zhol” ЖШС, блогер, “the Фермер”YouTube арнасының негізін қалаушы Бексұлтан Сәндібеков те болды. Бексұлтан жыл сайын ауыл шаруашылығы саласына 3000 қызметкер керектігін айтады. Оның айтуынша, жоғарғы оқу орындарында ауылшаруашылығы мамандығын бітірген 2000 студенттің жартысынан көбі мамандық бойынша жұмыс істемейді.

“Қазақстанда жердің 80 пайызы ауыл шаруашылығына арналған. Дегенмен өте аз бөлігі ғана қолданылады. Біз жастарға бизнестің қыр-сырын қарапайым тілде ақпарат жеткіземіз. Қазіргі таңда әлеуметтік желіде жалпы алғанда, 120-130 мыңнан астам жазылушыларымыз бар. Біз ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына шолу жасаймыз. Яғни, еліміздегі ең жақсы кәсіпорындарға барып, кәсіп иелерімен бизнес жайлы сөйлесіп, олардан керекті кеңестер аламыз”,-дейді Бексұлтан Сандибеков.

Айта кетейік, Бексұлтан 2022 жылы Forbes Kazakhstan “30-дан 30-ға дейін” рейтингіне енген болатын.

“Тізімге мені Ауыл шаруашылығын кеңінен насихаттаушы болғандықтан енгізді, себебі бұл – Қазақстан үшін өте маңызды сала. Аталған тізімде ІТ саласының мамандары, әр түрлі блогерлер, актерлер өте көп. Дегенмен ауыл шаруашылығы саласының маманы болған емес. Сол себептен алғашқылардың бірі болып рейтингке енгеніме қуанамын”, – дейді ол.

Диана БАТЫРБЕК

Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу