Облыс әкімі: “Жылу құбырларын жаңарту жұмыстары жалғасады”

Облыс әкімі: “Жылу құбырларын жаңарту жұмыстары жалғасады”

Облыста  жылу беру маусымы аяқталды. Есепті кезеңде  барлық өндірістік және әлеуметтік маңызы бар мекеме жылумен үздіксіз қамтамасыз етілді. 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымында тұтынушылардың температуралық режиміне әсер етпейтін 58 технологиялық ақау  тіркелген. Энергетикалық кәсіпорындарда ірі апаттар болған жоқ. Кішігірім технологиялық ақаулар шұғыл түрде жөнделді.

Облыстық  энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Дәурен  Асқаровтың айтуынша, 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымында кәсіпорындарға 70 мың тонна, бюджеттік ұйымдарға 95 мың тонна, халыққа 385 мың тонна көмір жеткізілген. Соңғы үш жылдың көлемінде көмір тұтыну  44,9 мың тоннаға немесе 8,2%-ке төмендепті.

            “Бүгінгі таңда темір жол тұйықтарында 16 мың тоннадан астам  көмір бар. Жітіқара және Сарыкөл аудандарының теміржол тұйықтарында вагондарды жеткізуде іркіліс болғанмен, басқа факті тіркелген жоқ. Алдағы жылу маусымына 523,2 мың тонна көмір қажет. Жылыту маусымына дайындық кәсіпорындардың жөндеу кестелеріне сәйкес жүргізіліп жатыр.  Ол  15 қыркүйекте аяқталады. Жылу көздері бойынша республикалық бюджетті нақтылауға ҚР Энергетика министрлігіне алты  жобаға жалпы сомасы 1,2 млрд теңге бюджеттік өтінім берілді. ҚР  Президентінің сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында  2029 жылға қарай магистральдардың жылу тозуын 43%-ке  дейін төмендету жұмыстары қолға алынды.  Ол үшін облыс әкімдігі республика құрылыс және өнеркәсіп министрлігіне ұзындығы 20 шақырым  болатын 15 жылу желісін қайта құруға  бюджеттік өтінім жолдады. Жобаның жалпы құны – 12,9 млрд теңге. Алайда бұл өтінімді уәкілетті органдар  мақұлдаған жоқ”, – деді басқарма бастығы Дәурен Асқаров.

Жылыту маусымы аяқталған соң екі аптадан кейін кәсіпорындар  жылу желілерін тексеріп шықты. Биыл сондай  21 гидравликалық сынақ жүргізіліп,  32 технологиялық ақау  анықталды. Дегенмен жылма-жыл апат көлемі азайып келеді. Соңғы үш  жыл ішінде технологиялық апаттар  12 фактіге немесе 27%-ке төмендеген.

Биыл Қостанайда жөндеу жұмыстарын орындауға 4 915,4 млн теңге бөлі көзделген.  Бұл қаражатқа ЖЭО-да 1,4 шақырымдық  магистральдық желілер мен екі негізгі бу құбырларын реконструкциялау, трансформатор салу, 10,4 шақырымдық  жылу желілерін орау, жылу желілеріндегі секциялық бекіткіш арматураны ауыстыру жоспарланған. Мәселен, “Әуежай” шағын ауданында магистральдық және орамішілік жылу желілерін жаңартылады. Инвестициялық бағдарлама қаражаты есебінен ұзындығы 1,2 шақырымдық  жылу желісі учаскелері мен құбырлары жөнделмек. Инвестициялық бағдарлама қаражаты және бюджет қаражаты есебінен ЖЭО және ЖЭО-2-де екі бу және екі су жылыту қазандықтарын күрделі жөндеу жоспарланып отыр. Мұндай ауқымды жұмыстар Рудный, Лисаков, Арқалық, Жітіқара қалаларында да қолға алынады.

Дәурен Асқаровтың айтуынша, коммуналдық қызметті тұтынушылардың жылдар бойғы төленбеген қарызы 783,6 млн теңгеге жеткен. Кәсіпорындар жеке және заңды тұлғалардан дебиторлық берешекті өндіріп алу рәсімдерін одан әрі жүргізе бермек. Жылыту маусымына дайындық үнемі бақылауда болады.

            “Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес,  жергілікті жерлердегі жылу құбырларын жаңарту жұмыстары одан әрі жалғастырамыз. Биыл жөндеу жұмыстарына алдыңғы жылмен салыстырғанда жеті есе көп ақша, яғни 13,7 млрд теңге  бөлінді. Соның арқасында 20 шақырым жылу желісі тартылды. Тозығы жеткен құбырлардың үлес салмағы 47%-ке төмендеді. Бұл жұмыстарды қатаң бақылауда ұстау қажет. Қалалар мен аудан әкімдеріне жылу желілерін жөндеуді, көмірді алдын ала дайындауды,  халықпен тығыз жұмыс істеп, алдағы жылу маусымына қажеттілікті анықтауды тапсырамын”, – деді өңір басшысы.

Әлібек ЫБЫРАЙ            

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу