Жеңіс күніне арналып кітап көрмесі өтті

Жеңіс күніне арналып кітап көрмесі өтті

Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Майдангерлердің иығына аса ауыр жүк түсіп, Отаны, елі үшін от болып жанды, оқ болып атылды. Қаншама боздақтар ұрыс даласынан қайтпай қалды. Арын – байрақ, намысын найза еткен ерлердің қаһармандығы аңызға айналды.

Осы қасиетті күні адалдық пен еліне деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен қаһармандардың рухы алдында бас иіп, тағзым етеміз.

Ұлы Жеңіске 79 жыл толуына және 9-мамыр Жеңіс күніне арналып ата-бабаларымыздың ерен ерліктерін мәңгі есте сақтап, рухани тағзым қылу мақсатында Аманкелді аудандық орталық балалар кітапханасында кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Іс-шараның мақсаты Ұлы Отан соғысына қатысушылардың есімдерін ұлықтау және өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу, Отанға деген мақтаныш сезімін ояту, Қазақстанның қаһармандық ерліктерге толы тарихына құрметпен қарауға үйрету болды.

Сұрапыл соғыстан елімізді аман сақтап, болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдырған қазақ батырларының ерліктерінен сыр шертетін кітапхана қорындағы тарихи, көркем әдебиеттерге шолу жасалды. Сонымен қатар, қатысушыларға Кеңес Одағының Батыры атағын екі рет алған ұшқыш жауынгер Талғат Бигелдиновтің соғыс жылдарындағы ерлік істері туралы әңгімелей отырып, соғыстан кейінгі жылдардағы қоғамдық қызметі жайында және «Қанаттықыз» атанып кеткен ұшқыш қыз Хиуаз Доспанованың  Отан қорғаудағы ерліктерінен кеңінен ақпараттар берілді.

Ұлы Жеңіс күніне арналған шараға ауданымыздың мектеп оқушылары қатысты.

Бүгінгі ұрпақ аға буын-ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Осынау ерлікке толы күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек.

Зарина Мұсабаева, 

Аманкелді аудандық орталық балалар

кітапхана меңгерушсі.

Аманкелді ауданы

Жаңалықтармен бөлісу