Арқалықтықтар Қазақстан Республикасы Қорғаныс күштерінің 32 жылдығын «Әскеріміз айбынымыз» атты Отан қоғаушылар күніне арналған мерекелік іс-шарамен айшықтады.
Мемлекеттік рәміздерге зор құрмет көрсетілген салтанатты жиында қала әкімі Әмірхан Асанов және қалалық Қорғаныс әскери бөлімінің майоры Ардақ Аханов жиналғандарды мерекемен құттықтады.
«7-ші мамыр – Отан, мемлекеттік мүдде, саяси қауіпсіздікпендербестіктерді қорғайтын отан қорғаушылар күні. Бұл күн – бейбіт елдің тыныштығын қорғап, өз тағдырын ел тағдырымен байланыстырып жүрген әрбір әскери қызмеші үшін ерекше күн», – деп атап өтті қала әкімі Әмірхан Асанов.
Қала басшысының мерекелік құттықтауынан кейін әдеттегідей марапаттауларға кезек берілді.
Еңбектегі жоғары жетістіктері үшін және Отан қорғаушылар күнін мерекелеуге орайқалалық Қорғаныс бөлімінің бөлімше басқарушысы Ардақ Жақанұлы, «Құрылыс, сәулет және қала құрылысы» бөлімінің сектор меңгерушісі Азамат Уаисов, ҚР ІІМ Қылмыстық атқару комитетінің №41 мекемесінің қызметкерлері Ерболат Манарбек, Асылбек Нұрғожин, Салтанат Жиенбаевалар Қостанай облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Қала әкімінің Алғыс хаттары да Арқалық қалалық полиция басқармасының, №44803 әскери бөлімінің, төтенше жағдайлар бөлімінің, №4 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің және басқа да ұжымдардың қызметшілеріне көптеп табыс етілді.
Киелі сахна төрінде қала өнерпаздарымен бірге мереке иелері де әскери формамен ән шырқап, көпшілікке көтеріңкі көңіл – күй сыйлады.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы