Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Садчиков ауылдық кітапханасы жанынан құрылған «Қазына» клубының мүшелері сенбілік өткізді.
Қазыналықтардың айтуы бойынша, қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Осылайша, зейнеткер апаларымыз бен ағаларымыз бұл жолы да ауызбіршілік пен татулықтың нышанын паш етіп, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, 5 кезеңнен тұратын акцияның «Жасыл аймақ» апталығы аясында көгалдандыру жұмыстарына атсалысып, ағаш көшеттерін отырғызуды ұйымдастырды. Қазыналық ата-әжелеріміз өздері отырғызған көшеттің күтімін немерелеріне табыстап, керемет үлгі боларлық әрекеттерімен ауыл тұрғындарын тәнті етті.
«Осындай іс-шараларды ұйымдастыру арқылы немерелерімізге табиғатты аялауды үйретіп, әрбір жақсы істің басы-қасында жүруді бойларына сіңіріп, үлгі тұтарлық істерімізбен қоршаған ортаның жақсаруына үлесімізді қосуды жөн көрдік»,- дейді клуб мүшесі Салтанат Сатпаева.
Аталмыш акцияның да басты мақсаты – экологиялық мәдениет деңгейін арттыру, тұрғындардың, әсіресе, жастардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту.
Клуб төрайымы Тұрсын Әмірғалиева тұрғындарды ауыл тазалығына бірге атсалысуға, өз өңірлеріндегі сенбілікке қатысуға, туған өлке экологиясын жақсартуға , ауылды көркейтуге өз үлестерін қосуға шақырды. Клуб мүшесі, ең жасы үлкені Күлсипат Бекжанова апамыз:
«Еккен көшеттеріміз тамырын тереңге тартқан бәйтерекке айналып, жапырағын жайып, ұрпағымызға сая болса екен», – деп батасын берді.
Иә, өз жерімізге жасыл желекті көп отырғызсақ, оның саясын ұрпақ көретіні сөзсіз, игі істен қалыс қалмайық, ағайын!
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Қостанай ауданы