Еліміздің бірлігі күніне орай Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен қайырымдылық іс-шарасы өтіп жатыр.
Қостанайдағы этно- мәдени бірлестіктердің өкілдері жайған ұлттық тағамдар жәрмеңкесіне жиналған халықтың қарасы қалың.
Бұл жәрмеңкеге башқұрт ұлтының өкілдері қазақ халқына ұқсатып бауырсақ, құймақ дайындап әкелген. Орталық жетекшісінің орынбасары Фирдаус Бахтиярқызы да екі ұлттың салт-дәстүрлерінде біршама сәйкестік бар екенін айтып отыр.
“Бүгін халықтар бірлігі күніне арналған мейрам аталып өтіп жатыр. Осыған башқұрт тағамдарын әкеліп отырмыз. Башқұрттар — қазаққа ең жақын ұлт. Салт-дәстүрлеріміз өте ұқсас. Бізде де сіздердегідей түрлі ұлттық тағам әзірленеді. Ата-бабаларымыз қазақтар сияқты киіз үйде тұрған. Түрлі ру-тайпалар башқұрттарда да бар. Бірлік татулығымыз үшін қазақтарға алғыс білдіреміз”, – Фирдаус Бахтиярқызы.
Роза Әбдірашитқызы ұлты татар болғанымен, ырым-тыйым, салтымызды қазақтан артық білмесе, кем түспейді.
“Аманкелді ауданында қазақтардың арасында өстім. Қазір зейнетте болсам да қызметтен қол үзген жоқпын. 43 жыл есепші болып қызмет етіп жүрмін”, – дейді ол.
Роза Әбдірашитқызы жәрмеңкеге өздері дайындаған торттың түрлері мен бәліш, чак-чак тағамдарын ұсынып отыр.
“Қостанай плаза” сауда үйіне келушілердің назарын шоперлердің шеберханасы жаулап алды.
Ондағы бұйымдар, әсіре, қыз-келіншектерді қызықтырмай қоймайды.
“Келушілерге қол сөмке бұйымдарының қалай дайындалатынын тігіп көрсетеміз. Сосын өзі әзірлеген затты сыйлық ретінде береміз”, – дейді облыстық ассамблея мүшесі Даража Сейілханқызы.
Мәселен, Шолпан Сабырқызының жастармен шеберлігін бөлісіп келе жатқанына екінші жыл. Ол бес баланың анасы. Он екі немеренің әжесі.
“Биыл осында қызымды ертіп келдім. Жастарға сөмке тігіп үйретіп жатырмыз. Бұл тәжірибені былтыр бастағанбыз”, – дейді ол.
Халықтар достығын айғақтайтын концерттік бағдарлама “Қостанай плаза” сауда-ойын сауық кешенінің келушілерін тәнті етіп жатыр.
Осы іс-шаралардан түскен қаражат балалардың церебралды параличімен ауыратын Савелий Григорьевтің мамыр айының ортасына белгіленген отасына аударылады.
Облыстық Қоғамдық келісім ұйымы басшысының орынбасары Айнұр Оразбаева биылғы мерекеде қайырымдылыққа баса назар аударылып отырғанын айтады.
“Мемлекет басшысы еліміздегі қиыншылықтарға байланысты меркелік іс-шараны қысқартып, басқа уақытқа ауыстыруға болатыны туралы ұсыныс жасады. Соған байланысты алғаш рет Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мәдени орталықтардың басын қосып, осындай іс-шара ұйымдастырып отырмыз”, – дейді Айнұр Оразбаева.
Бұл қайырымдылық іс-шарасы “Жизнь на ладони” жобасы аясында өтіп жатыр.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев