Біздің қала соғыс уақытында қорғаныс шебі, майдан үшін сенімді тірек болды. Мұнда майданға оқ дәрі жеткізетін негізгі құпия завод, 24 дивизия жауынгерлерін киіндірген тігін фабрикасы жұмыс атқарды. Жеңіс күніне орай қалада 151-ші атқыштар бригадасының жауынгерлерін майданға жіберу күніне арналған митинг өтті.
Қалалық ардагерлер кеңесі Қостанай қаласының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырған вело-жаяу шеру дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
“Жауынгерлер бүкіл Еуропаны басып өтіп, Берлинге дейін жетті, Рейхстагқа ту тікті. Біз, Ұлы Отан соғысында ел үшін аянбай тер төккен жауынгерлердің ерліктері туралы ерекше мақтанышпен айтамыз. Ардагерлерімізге зор денсаулық, отбасыларыңа береке тілейміз. Еліміз аман болсын”, -–дейді облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырхан Ахметов.
Сондай-ақ, іс-шараға қалалық мәслихат төрағасы Омарғали Байғабұлов, “Қостанай велоқауымдастығы” қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Бауыржан Тибеев, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жәнібек Жұрқабаев т.б қатысты.
“Қалалық ардагерлер кеңесі қалалық акиматпен бірлесіп, майданға жіберілген 151-ші атқыштар бригадасының құрметіне дәстүрлі 16-шы велошеруді өткізіп отыр. 1942 жылы 26 сәуірде осы алаңның ашылу салтанатында 6 мыңнан астам адам қатысқан үлкен митинг ұйымдастырылған. Барлықтарыңызды келе жатқан Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтағым келеді, Жеңіс ісіне лайықты үлес қосқан батырларымызды, жерлестерімізді мақтан тұтамыз”,– дейді Қостанай қаласының Ардагерлер кеңесінің төрағасы Татьяна Искендирова.
Шеруге ҚР Ішкі істер министрлігі Қостанай академиясының спортшылары, оқушылары мен студенттері, курсанттары және Қостанай велоқоғамы катысты. Іс-шараға қатысушы спортшылар қалалық балалар шығармашылығы мектебінің алдына жиналып, сол тұстан жеңіс саябағына дейін жүріп өтті. Шеру жеңіс саябағында жалғасын тапты.
Диана БАТЫРБЕК