Театрдағы тұңғыш Алтынсарин

Театрдағы тұңғыш Алтынсарин

Ілияс Омаров атындағы Қостанай қазақ драма театрында «Дала шамшырағы» спектаклі жүріп жатыр. Сахнаға Мейрам Жапаров – Ыбырай Алтынсарин шыққанда көрермен залы қозғалақтап, бір дүр етіп басылды. Тарихтың бір мезгілінде қалғып кеткендей, дамудың жолына түскен өзге жұрттан оқшау қалған ұлы далаға заманауи білімнің дәнін себу кемеңгерге оңай болмаған. Әр сөзінің салмағы қорғасындай ауыр, маңызды, мойны озық елдердің көшіне халқын қалай бағыттауда кесірлі кедергілермен жалғыз алысқан Ыбырайдың тұлғасына көрермен тәнті.

Ыбырай роліне кіргенше актер Мейрам Жапаров күні-түні толғанды, шарқ ұрып ізденді, оқыды. Гримденгеніне мәз болып, сахнаға жеңіл шыға салу Мейрам Сүгірбайұлының әдеті емес. Ол алдымен өзіне роль тапсырылғанда бірден қабылдай алмайтындай, өзімен өзі басына ноқта түскен тайдай бұлқынады. Оның «Ыбырайы» көрерменнің көңіліндегі Ыбырай болғанша актердің қиял қанатынан түспегені, түнде ұйқы қанбағаны өзіне ғана аян.

Белгілі режиссер, драматург Ерсайын Төлеубай оны Ыбырай роліне бекіткенде де:

«Аға, менің алдымда да актерлер бар ғой, мен…мен…», –  деп сөзінің аяғын түгел айта алмай, режиссерге қарсылық білдірген болды.

Ал Ерсайын ағасының мінезін, ешкімнің бетіне күлтілдемейтінін біледі. «Доғар сөзді!» деп шаңқ ете қалған. «Роль бекітілді екен – ойнайсың! Қашпа еңбектен!». Осымен сөз бітті. Мейрам да үнсіз жұмысқа кіріскен. Сахнаға спектакль шықпай тұрып-ақ, режиссер Ерсайын Төлеубай Ыбырай роліне актерді дұрыс таңдағанына өзі риза болып жүрді. Бірде ол Мейрам Сүгірбайұлына:

«Ей, сен Ыбыкеңнің бейнесін елдің бар театры арасында тұңғыш рет сомдайтыныңды сезесің бе өзі!» деп, актерді қанаттандырғандай, әрі жауапкершілігін мықтағандай бір сілкіп қойған.

Кәсіби драматург та, әдебиетші де емес пьеса авторының талаптанғаны және оны режиссердің түзеп-күзегені спектакль де, әсіресе Ыбырай бейнесі көрермен көңілінен шықты. Кәдімгі қазақтың жүрегіндегі Ыбырай!

Өнер киесі адамға періштедей таза, бала кезінде айналады екен. Ол Аманкелді ауданындағы Байғабыл ауылында өсті. Мектеп қабырғасында жүргенде жетінші сыныпқа дейін Мейрам әу деп ән айтқан бала емес. Оның бала кезі ХХ ғасырдың 70-ші жылдарына сәйкес келді. Ол кезде бала біткен шаруашылықтың жұмысына баратын. Ол оқыған мектеп жүгері өсірді. Оқушылар каникул кездерінде Торғайдың ұшы-қиырсыз жазық, кең даласында кешке дейін жүгерінің күтімімен айналысады. Балалар шаршамайды, жұмысты да істейді, ән де айтады, би де билейді. Сол кезде Мейрамның да ән айтқысы келгендей ме, іште бір бұлқыныс бар. Тұлпар болар тайдың ноқтасын тартқандай, кейде қазақы ұяңдық жібермейді. Ол жеңгесі әкеп берген қасқыр иттің күшігін жетелеп, сайын даланы бетке алып кететін. Ауыл шетіне шыға бере аңыратып әнді қоя береді. Осылай жүріп, мектепті бітірді. Ол кезде Қазақстанда жас ұрпақтың ертеңін ойлаудан гөрі «қой санын 50 миллионға жеткізу керек» деген Мәскеудің айтқанына «ләпбай!» саясат жүріп тұрған. Мектеп түлегі Мейрам Жапаров та ауылда қой бағу үшін комсомолдар бригадасында қалды. Жас жігіттің болашағы қойда емес, өнерде екенін ауылдас ағалары Сайлау Сайдилдин, атақты әнші Ғазиза Жұмекенованы әншілікке баулыған музыка маманы Жақсылық Ақышев тап басқандай еді. Олар жас Мейрамға ақылын айтып, өнер жолына бағыттады. Ол әскер қатарынан оралған соң, бірден Арқалық қаласындағы музыкалық училищеге түседі. Үш курс бойы ол Алматы консерваториясына оқуға шақырылды. Ауылын тастап, Алматыға кету жас жігіт үшін елден шығып кетумен бірдей сезілетін. Сонымен училищені бітіріп, Мейрам Жапаров деген әнші Аманкелді ауданына келді. Атақты күйші Айтбай Мұздахановтың музыка мектебінде 7 жыл қызмет етті. Айтбай ағасының ұстаздық ғана емес, әкелік қамқорлығын да көрді. «Мейрам әнші» атанды, гастрольдерге шықты. 90-шы жылдардың ортасында Арқалық қаласында өткен облыстық байқауға қатысып, бас жүлдені жеңіп алды. Сол жерде Мейрам Сүгірбайұлы  үшін күтпеген жағдай болды. Арқалық музыкалық драма театрының режиссері Иманәлі Сапаров оны көздеп келгендей екен. «Сен мынандай дауыспен ауылда неге жүрсің? Біздің театрға кел» дейді ғой. Мейрам Сүгірбайұлы тек өнерлі емес, жастайынан малсақ, малдың жағдайын өте жақсы білетін шаруа адам. Ауылды қимайды.

«Мен актер емеспін ғой, әншімін ғой. Сахнада қалай сөйлеймін, өмірде сөзімді зорға айтамын?» – дейді күліп.

– Сонда бір жағынан қора-қопсымды, ауылды, Айтбай ағамды қимай тұрмын. Театр туралы түк білмейтінім де рас,– дейді Мәкең еске алып.

Қысқасы, ол 1997 жылы Арқалық театрынан бір-ақ шықты. Иманәлі режиссер «даусың тамаша, қалғанын өзім үйретіп аламын» деген сөзінде тұрды. Әнші Мейрам Жапаров актер Мейрам Жапаровқа айналды. Үш жылдың ішінде Арқалық театрында біраз рольдерді ойнап тастады. 2000-жылы Қостанайда облыстық қазақ драма театры ашылғанда таңдаулылар қатарында жаңа өнер ордасына шақырылды. Жаңа театрдың шымылдығын режиссер Жамбылбек Есенбеков дайындаған «Абылай хан» спектаклі ашуы тиіс болатын. Қостанайдағы түңғыш қазақ театрын көруге жұрт ынтық. Салтанатты сәтке үш күн қалғанда Абылай ханды ойнайтын актер қатыса алмайтын болды. Шегінуге жол жоқ. Жамбылбек ағасы Мейрамға келді де, үш күннің ішінде Абылай ханды шығару керектігін айтты. Сол күндердегі Мейрам Сүгірбайұлының бейнетін айтпаңыз. Қараға хан «болу» оңай ма, күндіз күлкі, түнде ұйқы қашып кеткен. Бірақ «Абылай хан» қашпады, актер жанкештілікпен ақыры «ханды» елінің алдына алып шықты.

Мейрам Жапаров үшін үлкен, кіші роль жоқ. Ол кейіпкерінің жанына кіріп, онымен «тіл табысса» болды. 24 жылдың ішінде «Қозы Көрпеш-Баян Сұлудағы» Қодар, «Қыз жылағандағы» депутат, «Әке тағдырындағы» Шаршеке, «Метранпаждағы» Борис дәрігер, «Хан    Кенедегі» Ағыбай батыр секілді көптеген спектакльдерде кейіпкердің айтарын көрерменге шынайы жеткізе білді. 2003 жылы Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына орай Орал қаласында өткен театр фестиваліне Қостанай театры «Махамбет» спектаклімен барды. Мейрам Сүгірбайұлы Исатай батыр ролін ойнаған болатын. Тарихта Махамбет-Исатай қатар аталады. Қостанайлықтардан басқа тағы 12 театрда Исатай батыр образы болды. Талдау кезінде қазылар алқасының мүшесі, белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығайдың: «Фестивальдегі барлық театрдың «Исатайлары» Қостанайдан келген «Исатайдың» қолына су құйыңдар!» деген сөзі қара қылды қақ жарған еді. Бұл «Браво, Мейрам Жапаров!» дегенмен бірдей емес пе еді?!. Театр білгірі әрі қарай актер шеберлігін қолмен қойғандай, тәптіштеп саралап берген.

–Мен марқұм Әшірбек ағамыздың өзім туралы осы сөзін ешбір ортада айтпаппын. Өзімді мақтаған сияқты боламын ғой, – дейді Мәкең әңгіме барысында. Актердің осы бір ауыз сөзінен оның жан тазалығы, адамгершілігі, кісілік бейнесі көрініп тұрғандай.

– Әр өнер адамының арманы болады ғой, сізде ше? – дейміз қоштасарда.

– Арман көп, қайсысын айтайын. Мен қиялымнан хабар берейін онан да. Шіркін, мен өмірімді қайта бастасам, ешқандай уақыт жоғалтпай, тура театрға келер едім! – дейді Мәкең. Актердің бұл әңгімесінен театрға деген адалдық аңқып тұрған жоқ па?! Бір ауыз сөзі оның барлық арман-мұңының, өмірінің кілтіндей-ау.

 

                                                                                  Н.СЫРОВА

Жаңалықтармен бөлісу