Білімнің шамшырағы

Білімнің шамшырағы

Жедел құбылатын заманауи әлемде әлеуметтік тұрғыда бейімделуге және өз-өздерін дамытып-жетілдіруге даяр ұрпақтың білім нәрімен, тәлім-тәрбиемен сусындауына қолайлы да қауіпсіз орта жасау. Бұл – біз жұмыс істейтін мектептің алға қойған мақсаты.

«KAZGUUSCHOOL.qst» – ағылшын тілі мен бизнес сабақтарын 1-сыныптан бастап тереңдетіп оқытатын мектеп. Мұнда оқушыларды үш мәрте тамақтандыру қарастырылған.

Мектебіміз бен KAZGUU University, KIMEP, NARXOZ University, De Montfortuniversity секілді беделді жоғары оқу орындары арасында әріптестік туралы меморандум жасалған. Сондай-ақ біздің мектеп – Кембридж емтихандарына даярлайтын ресми орталық, мұнда IELTS, SAT, TOEFL тапсыруға дайындаймыз. Тағы бір ерекшелік – оқу ошағының кинозалы және кофеханасы бар.

Оқу жылының басында мұғалімдер әр баламен жеке-жеке жұмыс істейді. Сабақ үлгерімінде қиындығы бар оқушыларға ерекше назар аударамыз, қосымша сабақтарға шақырып, білім алуына кедергі болатын факторларды жоюға күш саламыз.

Дей тұрғанмен, баланы оқу саласында ғана дамыту аздық ететінін де түсінеміз. Сондықтан біздің мектепте сабақтан тыс іс-шаралардың сан түрі бар, қосымша үйірмелер балалардың дарыны мен қабілетін ұштауға зор мүмкіндік береді. Әр оқушы білім көкжиегін кеңейтіп, жаңа дағдыларын қалыптастыруы үшін спорт, өнер, техника бағыттарындағы сабақтарды таңдай алады. Біз тың бастамалар мен оқу үрдісіне шығармашылық тәсілмен қарау машықтарын үнемі ынталандырып отырамыз. Біздің мектепте оқушы зерттелетін материалды ұсынудың формасы мен әдістерін таңдай алады. Бұл жауапкершілікті, тәуелсіздікті және сыни ойлау қабілетін дамытуға көмектеседі. Әрбір мұғалім оқушылардың өз-өздерін сенімді сезінуіне және олардың пікірлері мен шығармашылық үлестері бағаланатынын сезіп-білуіне ерекше ден қояды.

Мектептегі әрбір кабинет жаңа заманауи жабдықтармен, жиһаздармен жабдықталған. Бұл біздің оқушыларға ақпараттық технологиялардың тез өзгергіш әлеміне дайын болуға мүмкіндік береді.

Біздің мектепте кең пейілді достық пен қолдау-демеу атмосферасы басым. Мұнда әр оқушы өзін маңызы бар жан ретінде және оқу процесіне бас қойған тұлға сезінеді. Біз ата-аналармен әр кез диалог орнатуға және олардың мектеп өміріне белсенді қатысуына жол ашуға даярмыз. Біз күш-жігер біріктірумен ғана әр баланың мейлінше толыққанды дамуына қол жеткізе аламыз деген сенімдеміз.

Мұның бәрі жоғары білікті және талантты оқытушылармен бірге, біздің мектепті сапалы білім алуға және жан-жақты дамуға ұмтылатын оқушыларға ерекше және тартымды етеді.

Менің өзім де KAZGUU SCHOOL-дың мұғалімі әрі осында баласы оқып жатқан анамын. Мұнда менің қызым оқып жүр, бірер жылдан соң осы мектептің табалдырығын ұлым да аттамақ. Қаладағы үздік мектептердің бірінде қызмет ету бақыты бұйырғаны үшін тағдырыма разымын.

Раушан ИСИМБАЕВА,

Педагог

Жаңалықтармен бөлісу