Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жақында әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған аса маңызды заңға қол қойды. Бүкіл елдің назарын аударған өзекті тақырып қоғамда қызу талқыланғаны белгілі.
Өзімнің Мәжілістегі депутаттық қызметім аясында да осы мәселеге қатысты парламенттік отырыстарға, көптеген талқылауларға қатыстым. Бізден көмек сұрап келген көптеген нәзік жандылардың арыз-шағымын тыңдадым. Жұмыс барысында көз жеткізген нақты санды мәліметтерге жүгінетін болсам, өткен жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 60-тан астам әйел мен 10-ға жуық бала көз жұмған. Күн сайын 300-ден астам адам осындай көріністің құрбаны болады екен. Демек, Президенттің тапсырмасымен әзірленген бұл заң тікелей уақыт талабынан туған, елдің ертеңі үшін, халықтың қауіпсіздігі үшін өзекті заңнамалық құжаттардың бірі.
Аталған заңдағы негізгі нормалар әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдатуға, отбасы институтын нығайтуға, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін күшейтуге арналды. Атап айтқанда, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылып, жауапкершілік қатаңдатылды.
Өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені, сондай-ақ өзін-өзі өлтіруді насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылып отыр.
Сонымен қатар, 16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіліп, кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді. Бұдан бөлек, отбасы институтын дамытуға, байланыс орталықтарын құруға қатысты көптеген нормалар қамтылған. Өзім де бала бағып отырған ана ретінде осы заңның өмірге жолдама алғанына қуаныштымын.
Бұл заң жалпы қоғамның игілігін арттыруға, халықтың жарқын болашағын қамтамасыз етуге ықпал етеді деп сенемін.
Динара ШҮКІЖАНОВА,
қоғам белсендісі, Agromash зауытының Президенті.