ХХ ғасырдың бірінші ширегінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық өмірінде қазақ қоғамының дәстүрлі жүйесін бұзу, байлардың, кулактардың мүлкін тәркілеу, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру сияқты көптеген оқиғалар мен тарихи өзгерістер болды. Экономикалық реформалар мен басқа да өзгерістер 1929-1931 жылдардағы халық көтерілістеріне ұласты, 80 мыңға жуық адам қатысты. Биыл Қостанай округіндегі Батпаққара көтерілісіне 95 жыл толады.
Қостанайда осы тақырыптың аясында өткен флайн және онлайн режимінде өткен конференцияға Ханкелді Әбжанов бастаған ғалымдар мен тарихшылар, өлкетанушылар, ғылыми қызметкерлер қатысып, баяндама жасады.
Ұзақ жылдар бойы Қазақстандағы халық көтерілістері мен наразылықтар тарихы көптеген архив құжаттарының қол жетімсіздігіне байланысты ашылмады.
“Өткеннен білеміз талай боздақтарымыз дүниеден өтті. Жаудың қолында кеткендері қаншама. Енді ес жия бергенде Ресей империясы қол салып, олар да бізді аямай, қырды. Сөйтіп 20 ғасырға жеттік. Екі ғасырда аман қалған қазақ тіптен азайып кетті. Бұл қайғыға толы ғасыр. Осыны зерттеуге енді көшіп жатырмыз. Тәуелсіздік алсақ та 20 жылдай үнсіз жаттық. Бойда үрей болды. Аштық, репрессия, қуғын-сүргін мәселесі көтеріліп жатыр. Талай кітап басылғанымен, іргелі еңбек әлі шықпай жатыр. Үкімет саясаттандырмауды ойлап отыр”, – деп пікірін қосты профессор Аманжол Күзембайұлы.
Десе де бір өкініштісі ішкі саясат бөлімі сыртқы саясат бөлімінен аса алмайды. Көрші елден ыққан сыртқы саясат бөлімі объективті тарихты жазуға кедергі жасап отыр. Музей ескі-құсқы көне дүниелердің көрмесі деп ойлайтындар бар. Бірақ олай емес, музей – ағартушылықтың, ғылыми-зерттеудің орталығы. Бүгінгі тақырып – іргелі тақырып.
Басқосуда биліктің шаруаларға қатысты ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру мен өзге де саяси науқандар саясатының салдарын зерделеуге бағытталған тарихшылардың жүргізген ғылыми зерттеулері талқыланды. Ұжымдастыру кезеңіндегі антикеңестік шаруалар толқуының себептері, зардаптары мен тарихи маңызы қарастырылды.
«Біз «Ақтабан шұбырынды» дегенде ХХ ғасырдағы үш қасіретті еске алғанымыз жөн. Біріншісі – милиондаған қазақтың басын жалмаған ашаршылық пен соғыс, екіншісі – ұлттық болмысымызды жайпап өткен қуғын-сүргін, үшіншісі – мемлекетіміздің, этникалық дамуымыздың негізі жердің, әл-ауқатымыздың бастауы минералды байлығымыздың талан-таражға түскені. Үш қасіреттің ақиқатын ашпай, төл тарихымыз ақтаңдақтардан арылмайды. Ал жартыкеш ақиқатпен әділетті де жаңа Қазақстанды қалыптастыру мүмкін емес. Менің түсінігімше, 1929-1931 жылдары Қазақстанда болған халық көтерілістерін әлі күнге дейін саяси, ғылыми, теориялық тұрғыдан дұрыс бағаламай жүрміз», – деді алғашқылардың бірі болып сөз алған осы басқосудың басты қонағы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Алматы қаласынан арнайы келген Ханкелді Әбжанов.
Академик баяндамасында Батпаққара көтерілісі қашан басталды, қалай өрбіді, немен аяқталды деген сұраққа ғылыми зерттеулермен жауап беруге тырысты. Ол Бастапаққара көтерілісі 372 көтерілістің алғашқысы деп баға берді.
“Қасіретті тарих қайталанбауы үшін алдағы уақытта мынадай іс-шараларды қолға алсақ. Жаппай қуғын-сүргін мен ашаршылық тарихына өркениетті мемлекеттердегідей кешенді саяси-құқықтық баға мен анықтама берілсін. Мұның құжаттық негізі қаланған: ҚР Президентінің бастамасымен қуғын-сүргін бойынша құжаттар жинағының 72 томы, ҚР Парламентінің қолдауымен ашаршылық жайлы 10 том жарық көрді. Бұл іске әр облыс өз үлесін қосты. Тоталитаризмнің қылмысын әшкерелейтін архив құжаттары кеңес жылдарында қалай болса солай сақталып келгендіктен бүгінгі халі мүшкіл”, – деп батыл пікір айтты академик.
Расымен архивтегі құжаттар жойылуға шақ қалды. Құжаттар үлбіреп тұр. Тез арада реставрациялануы әрі сандық форматқа көшірілуі керек. Оларды оқу мүмкін емес. Жүз жыл бойы қамауда жатқан құжаттарды тез арада цифрландыру керек. Әйтпесе айрылып қалу қарсаңында тұрмыз. Үш мегаполис пен облыс орталықтарында сталинизм жылдарындағы НКВД ғимараттары қуғын-сүргін музейлеріне айналдырылсын. Олар тарихпен тәрбиелеудің ошағына айналатын уақыт келді.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА