Облыстың су тасқынынан зардап шеккен оңтүстік өңірлерінде жүз қаралы тұрғын үй салынбақ. Баспана құрылысына еліміздегі ірі компаниялар да үлес қосуды жоспарлап отыр. Тұрғындарға пәтер алып беруге үкімет тарапынан да қаржы бөлу көзделген. Атқарылатын жұмыстардан жұртшылықты хабардар ету жұмыстары да белсенді жүргізіп жатыр. Облыстық басқарма өкілдері мен облыстық штаб басшылығы баспасөз мәслихатында осы жөнінде мәлімет берді.
Бүгінде облыстың алты өңірінде 971 тұрғын үй техникалық тексеруден өткен. Олардың 356-сы тұруға жарамсыз. 615 үйге жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу керек. Сондай-ақ мамандар саяжай алаптарындағы тұрғындардың су басқан тұрғылықты баспаналарын да аралап жүр. Қостанай ауданындағы мұндай үйлерде 97 отбасы тұрған. Бүгінде олардың 55-і тексеріліпті. Қостанай қаласына қарасты саяжай қоғамдарында 89 отбасының тұрақты үйі болған. Қазір олардың жай-күйіне баға беру жұмыстары жүріп жатыр.
Зардап шеккен тұрғындарды баспанамен қамту шаралары да басталып кетті. Мәселен, 12 сәуірде Үкімет резервінен 405 млн теңге бөлініп, ол қаржы Арқалық қаласынан пәтерлер сатып алуға бағытталды. Қазір жапа шеккен адамдарға 30 пәтер сатып әперу үшін қажетті келісім-шарттар жасалып отыр.
«Жеке тұрғын үйлер салу үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі екі үлгілі жоба әзірледі. Олардың бірі – құны 22,9 млн теңге болатын 3 бөлмелі жеке тұрғын үй. Аумағы – аумағы 80 шаршы метр. Екіншісі – 160 шаршы метрлік екі бөлмелі тұрғын үйлер. Әрқайсысының құны – 42 млн теңге. Бұдан бөлек, «Қазақстан халқына» қоры қайырымдылық мақсатымен, облыстың оңтүстік өңірлерінде 100 жеке тұрғын үй салу мәселесін пысықтап жатыр», – дейді облыстық Құрлыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Лидия Беленко.
Мұның сыртында, BAZIS–A компаниясы 3,3 млрд теңгеге тұрғын үйлер құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр. Нұқсан келген үйлерге техникалық зерттеу жүргізу шаралары аяқталған соң үй салатын алаңдар мен пайдалануға берілетін пәтерлердің нақты саны анықталмақ.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен, табиғи апат болған өңірлерде Қоғамдық штабтар құрылған еді. Облыста штабтар 14 сәуірде жұмысқа кірісті. Тасқыннан жапа шеккен тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарының қалай жүргізілгені туралы облыстық штабтың төрағасы Батырбек Ахметов кеңінен баяндап берді.
«Қоғамдық штаб су тасқыны болған Қостанай, Арқалық қалаларында және Қостанай, Аманкелді, Жанкелдин аудандарында бір уақытта белсенді жұмыс істеді. Олардың құрамында мәслихат депутаттары, жастар, қоғам белсенділері, жергілікті кәсіпкерлер, заңгерлер, діни қызметкерлер, блогрелер, құқық және қаржы саласының мамандары болды. Мақсат – табиғи апаттан жапа шеккен өңірлерді қалпына келтіру жұмыстарының барысы жөнінен халықты хабардар ету. Ұзын саны 132 кездесу ұйымдастырылып, 1600 адам қамтылған», – дейді облыстық штаб төрағасы.
Жер-жердегі жиын-кездесу кезінде тұрғындарды көбірек мазалайтын мәселелердің тізімі жасалған. Апат зардабын тартып отырған жұртшылық орнықты мүліктерді қалпына келтіруге қаржы бөлу, олардың жоғалған құжаттарын рәсімдеу, өтемақы алу, газ, жарық және ұялы байланыспен қамту, мал шығынын өтеу, жол жөндеу жайын көбірек қозғаған. Штаб өкілдері осы сұрақ-сауалдарға егжей-тегжейлі жауап берілгенін айтып отыр.
Спикерлердің мәліметінше, Тобыл-Торғай өңіріне Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан Республикаларынан, Астана, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда облыстанынан, Жамбыл облысының Меркі, Т.Рысқұлов аудандарынан және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бизнес өкілдерінен жалпы көлемі 1800 тонна гуманитарлық көмек жиналған. Аудан-қалаларда жәрдем жинау орталықтары әлі де жұмыс істеп жатыр.
Ж.Жүсіпбек