Торғайдағы су тасқыны кезінде жан-жақтан қол ұшын созып, көмек бергендер көп. Мәселен, Ақтөбедегі Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаны күштері әскери институтының Ми-8 ұшағы бір айдан астам уақытта Жанкелдин ауданының су құрсауында қалған ауылдарын аралап, жүк тасымалдады.
Жол қатынасы үзілген елді мекендерге азық-түлік, дәрі-дәрмек апарды. Науқастарды, екіқабат әйелдерді ауруханаға шұғыл жеткізді. 32 борт командирі, институт бастығының орынбасары, полковник Аманкелді Мәкішев, екінші ұшқыш, аға лейтенант Сабыржан Мәлен және ұшқыш-борттехник, майор Батырбек Нұрғалиев таң елең-алаңда тұрып, қас қарайғанға дейін тікұшақ штурвалінен қол босатқан жоқ.
Экипаж мүшелері бір апта бойы облыс, аудан басшыларымен, қоғамдық штаб жетекшілерімен бірге шалғай ауылдарды күніне бірнеше мәрте аралады.
“Халқымыз әлмисақтан сүрінгенге сүйеніш, қиындықта демеу бола білген. Мұндай тосын апатты ешкім күткен жоқ. Көптеген облыс осы тасқын сумен апталап арпалысты. Халық біраз қиналып қалды. Әсіресе, тасқынның кесірінен көптеген ауылмен арадағы көлік қатынасы тоқтады. Жарық сөнді, байланыс қиындады. Азық-түлікке, ауыз суға, жанар-жағармайға зәрулік артты. Мұндайда әуе қатынасының көмегі зор. Біз келгелі Саға, Тәуіш, Ақкөл, Ахмет Байтұрсынұлы ауылдарына қажетті заттар, жүк тасыдық. Оның үстіне Арқалық-Торғай бағытындағы тас жол бұзылды. Аралық жағнан келген адамдар Тәуіштің тұсында дағдарып тұр. Қалай көмектеспейсің? Бұл ең бірінші біздің азаматтық борышымыз! Облыс әкімінің орынбасары Арман Әбеновке рахмет, уақыттың тапшылығына қарамай біздің де хал-жағдайымызды сұрап, біліп отырды. Жанкелдин ауданының басшыларына да айтар алғысымыз алабөтен. Тілейтініміз – жұрт су апатынан тезірек естерін жиып, үйлеріне аман-есен оралса екен”, – дейді экипаж командирі Аманкелді Мәкішев.
Ми-8 әсскери тік ұшағының 32-борт мүшелері апта бойы тынбастан тер төкті. Олар су тасқынының салдарынан үйлерінен үдере көшкен Саға ауылының тұрғындарын алты мәрте тасып, аман-сау үйлеріне жеткізді.
Жолай халыққа қажетті жүкті тиеп алып, шалғайдағы Ақкөл, ахаң ауылдарына тартты. Ол жақтан, науқас, қарт кісілерді Жаркөлге, Торғайға әкелді. Осының бәрін үнсіз ғана атқарып, қажет жағдайда жүктерді түсіруге де септесті. Шаршадық деген бірі жоқ.
“Бұл жігіттердің еңбегі орасан! Нағыз бейбіт күннің батырлары осылар! Ел басына күн туғанда шетте қалмай, білек сыбанып іске кірісіп кетті. Азаматтықтарына қалай сүйсінбейсің?! Дәріптесек, осындай жігіттерді дәріптейік. Мақтауға тұратын мықты мамандар”, – дейді экипаж мүшелерінің ісіне сүйсінген Ахмет Байтұрсынов ауылының тұрғындары.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ,
Жанкелдин ауданы