Мамандар күн жылынысымен жұқпалы ауруларды тасымалдайтын қауіпті жәндіктердің белсенді бола бастайтынын ескертеді.
Олардың белсенділік маусымы сәуірден бастап маусымның ортасына дейін жүреді, ал белсенділіктің екінші шыңы тамыздың ортасынан, қазан айына дейін. Кене шағуымен кене энцефалиті, туляремия, кене борреллиоз және басқа аурулар берілуі мүмкін. Соңғы аптада Қостанай облысында кене шағуының жағдайы тіркеле бастаған. Күн ысымай жатып 7 адамды кене шағып, шағымданған. Оның ішінде 2-і бала.
«Көп жағдайда кенелер орманда серуендеу, саяжайға бару, шөппен серуендеу кезінде жануарларға немесе адамның киіміне жабысады. Паразиттер жабайы гүл шоқтары арқылы да шығуы мүмкін. Көбінесе кенелер нәзік терісі бар жерлерге байқатпай қадалады, өйткені олар шығаратын сілекейде анестетикалық заттар түзіледі», – дейді эпидемиолог мамандар.
Кенелердің белсенділігі кезінде “мүмкіндігінше” табиғатқа шығуды шектеген жөн. Алайда шыға қалсаңыз, паразитті көруге болатын ашық түсті, жабық киім киген жөн. Қадалған кенені алып тастағанда да өте мұқият болу керек. Егер қадалған кене табылса, жақын жердегі медициналық мекемеден көмек сұраған дұрыс.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА