Мемлекет басшысының Үндеуімен жарияланған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына арқалықтықтар да айтарлықтай үлес қосуда.
Көктемгі су тасқынының қарбалас уақыттары саябырсыған шақта қолға алынған бұл науқанға қала мекемелері мен ұжымдары, жалпы қала, ауыл, кент тұрғындары білек сыбана кіріскен.
Қыстан шыққан, белгіленбеген жерлерге жинақталып қалған қоқыстарды сейілтіп беруде күш – көліктері бар Арқалық жылу электр орталығы сияқты ірі кәсіпорындар ілкімділік танытып, қоршаған орта тазалығын сақтауға зор үлестерін қосуда.
Жасұлан Әбдірахманов,
АЖЭК басшысы:
–Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен еліміздегі «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысып жатырмыз. Өзім бас болып, жұмысшы-мамандарыммен бірге қаланың Новый кентінің Баймағанбетов, Кейкі батыр, Сәтбаев, Красноармейская сияқты бірнеше көшелерінде жиналып қалған қоқыстарды алып, ел тазалығына үлесімізді қосып отырмыз.
Қала тұрғындарын тазалық сақтап, елдік іске үлес қосуға шақырамын. Сондай-ақ, кент тұрғындарынан өздері тұрып жатқан жердің тазалығына жанашырлықпен қарап, осыдан кейін мұндай ірі көлемдегі қоқыстардың болмауына күш салуларын өтініп сұраймыз.
«Тазалық –денсаулық кепілі» деген. Қоршаған ортаның тазалығына адам жанының арашасысы болған ақ халатты абзал жандар да біркісідей үлестерін қосып келеді.
Нұрлыбек Жәнібекұлы,
Арқалық өңірлік емханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:
–Тазалық акциясына ұжымымыз толық құраммен жетпістен астам адам шығып, өзімізге бекітіліп берілген аумақтың жерін тырмалап, сыпырып, қоқыстарды жинап, қаламыздың тазалығын сақтауға қарқынды кірісіп кеттік. Барша ел тұрғындарын тазалық сақтауға үндейміз. Жай күндері де маңайымыздың тазалығын назарда ұстаймыз. Көктемде осылай дұрыстап тұрып бір жинап алсақ, одан кейін жеңіл болады. Өзіміз үшін керек іске еш тартынбай, қайта белсене кіріскен жөн. Қала тазалығын сақтауда тұрғын үйлердің де атқарар рөлі зор. Аула тазалығын көпқабатты үйлердің тұрғындары да жұмыла көтеруде. Әсіресе, Маясова көшесі №17, №42, Абай №84, Шақшақ Жәнібек №75 үй тұрғындарының үйымшылдығын үлгі етуге болады.
Абзал Қожахметов,
Маясова көшесі №17 үй тұрғыны:
–Тұрғындарымыз өзара ұйымдасып, ауламызға сенбілікке шығып жатырмыз. Осымен екінші апта акция жалғасын табуда. Бұған дейін де көршілер ауызбіршіліктерін көрсетіп, үйіміздің сыртын қоқыстан тазартқан болатынбыз. Қаламыздың таза болғанын қалаймыз. Өз қаламыз – өзіміздің үйіміз. Сондықтан, қаланың барлық тұрғындарын игілікті іске атсалысуға шақырамыз.Тазалықты жаны сүйетін қала тұрғындарының бірі – зейнеткер Жұмағали Нұридденұлы. Ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте істеген, бүгінде құрметті демалыстағы ағамыз жастарға жол көрсетіп, үйінің кіреберісін бірінші қабаттан бесінші қабатқа дейін өзі жуып жүр.
Жұмағали Шәкенов,
Шақшақ Жәнібек 75 үй тұрғыны:
–Тазалықтың болғаны өзімізге жақсы. «Тазалық болса, денсаулық болады» деп бекер айтпаған. Экологиялық мәні бар мәселеге елдің бәрі көңіл аударулары керек деп есептеймін.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өңірдің барлық елді мекендерінде жалғасын табуда.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы