Сарыкөл ауданында бес жүз түп ағаш отырғызылады

Сарыкөл ауданында бес жүз түп ағаш отырғызылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен республика бойынша «Таза Қазақстан» акциясы бастау алған еді. Осы іс-шараның үшінші аптасында сарыкөлдіктер бес жүз түп ағаш көшеттерін отырғызуды жоспарлап отыр.

Бес аптаға созылатын іс-шараның бес тақырыбы мен нақты мақсаты айқындалған. Мәселен, алғашқы апта «Таза өлке» деп аталды. Онда елді мекендердің тұрғындары, қоғам қайраткерлері, ұйымдардың қызметкерлері өз аумағындағы аулаларды тазалады.

«Киелі мекен» деп аталған аптада жұртшылық тарихи-мәдени ескерткіштердің маңайын абаттандыруға мән берді. Ал «Жасыл аймақ» атауы айтып тұрғандай, көшет отырғызу, ағаштарды әктеу жұмыстарына арналған. «Өнегелі ұрпақ» аптасында жастар мен еріктілер ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумағын тазалауға көмектеседі. Бесінші жеті – «Мөлдір бұлақ». Қорытынды кезеңде өзендер мен көлдер қоқыстан тазартылады.

Сарыкөл ауданының тұрғындары республикалық акцияны қолдап, күнделікті сенбілікке шығып тұрады. «Таза өлке» аптасында мекеме және ұйым қызметкерлері өз аумағындағы аулаларды тазаласа, екінші апта «Киелі мекен» тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандырып жатыр.

 «Жерлестеріміздің акцияға белсене қатысып жатқаны қуантады. Аудан бойынша 2306 түп ағаш егеміз деген жоспарымыз бар. Бүгінге дейін оны есептеп қойғанбыз. Бірақ бұл жұмыс жыл бойына жүргізіледі. Әзірге аудан орталығына 500 көшет отырғызылмақ. Күзге қарай тағы мың түп ағашты егеміз. Ал ауылдарда бұл жұмыс қазірден басталып кетті десек болады. Олар 100-200 түптен отырғызып жатыр», – дейді Сарыкөл ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі басшысы Абай Жүсіпов.

Оның айтуынша, акцияның «Мөлдір бұлақ» деп аталатын бесінші аптасында әкімдік қызметкерлері мен еріктілер Сарыкөл көлін тазалауға шықпақ.

Алғашқы күндерден-ақ мекеме басшылары мен қызметкерлері, жастар, еріктілер көбірек белсенді көрінді. Олар орталық көшелерді, «Тәуелсіздік» аллеясын, «Жеңіс» саябағын қоқыстан тазалады. Сонымен қатар, Сарыкөл кентіне кіреберіс жолдар да назардан тыс қалған жоқ.

«Әркім өзінің тұрып жатқан жеріне құрметпен қарауы керек. Қызметте жүргендіктен емес, осы елдің тұрғыны ретінде қолыма айыр, күрек алып, орталыққа шықтым. Жерлестерімді осы акцияға қатысуға шақырамын. Бұл да бірлікті нығайтатын іс-шара», – дейді аудан тұрғыны Нұрсұлтан Шүленов

Бүгінге дейін аудан бойынша 23 тонна қоқыс жиналып, оған алты маңнын артық адам ат салысқан. Келер апта аудан орталығында жаппай ағаш егу жоспарланып отыр.

Аслан ҚАНҒОЖИН

Сарыкөл ауданы

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу