Қарғалы ауылының тұрғындары да тасқын судың зардабын тартып отыр.
Қайта су келерден екі күн бұрын облыс әкімінің орынбасары А.Әбенов тікұшақпен келіп, тұрғындарға ескерткен көрінеді.
Соның арқасында кейбір шаруа баққан азамат малдарын, бүкіл техникасын қырға шығарып жіберді.
Қарғалы елді мекенінде сегіз үй бар. Бәрі онда мал үшін отыр. Өйткені, Тосынның табаны түлік өсіруге өте қолайлы. Төтеден төнген табиғи апат аз ғана үйлі Қарғалы ауылын қаққа жарды. Жұрт әрлі-берлі пароммен қатынайды. Екі аптадан бері алапат судың алдын алмаққа жан-жақтан жиналған жігіттер қам жасап-ақ жатыр. Бірақ, екпіні күшті тасқын су бой берер емес.
“Бұл негізі Торғай өзені мен Қабырға өзендерінің тасуы салдарынан боп тұр ғой. Оған Қоңыраулыдан келген су қосылды. Осы үш өзеннің суы осы жерден ағып жатыр. Мынадай телегей- теңізді бұрын көрмек түгілі, естіген емеспіз. Дәл осындай тасқын келеді деп ешкім күткен жоқ. Мынау су бір метрден артық көтеріліп келіп тұр. Қазіргі жағдайда тәулігіне 1-2 см-ден ғана түсіп жатыр. Өте үрейлі. Шағын ғана ауылды апаттан аман-есен алып қалуға жан-жақтан қаншама адам келіп көмектесті. Мына өздеріңіз көріп тұрған биік қамалдарды жігіттер үш күн, үш түн ұйықтамастан соқты. Алдыңғы екеуін су шайып кетті. Мынау үшіншісі. Қаншама техника жұмылдырылды. Қауіп әлі сейілген жоқ”, – дейді Торғай кентінің тұрғыны Аққошқар Қыстаубаев.
Біз келгенде Қарғалыда аудандық төтенше жағдай бөлімінің сарбаздары тұрғындарға жәрдемдесіп жатты. Іргедегі Шеген ауылының тұрғындары да осында жүр.
Үйлерге су кірмесі үшін биік қамал жасап, табанына құм толтырылған қапшықтар төсеп тастаған. Жұмыс бір сәтке тоқтаған жоқ. Өйткені, желдің екпінімен жаға ұрған толқын кез келген уақытта бөгетті бұзып кетуі ықтимал.
“Бүгін он бесінші күн болды, тасқынға төтеп беруге жан-жақтан жігіттерді жұмылдырып жатырмыз. Арғы беттегі төрт үйге су кірді. Барлық қора-қопсысы суға кетті. Оны енді сарапшылар келіп тексереді. Тұрғындардың дені Торғайға көшірілді. Мұнда үлкен кісілер жоқ. Әйел кісілерді, балаларды ауылға, аудан орталығына апардық. Өмірде мұндай жағдай болмаған. Судың екпіні күшті. Сонымен өтіп кетіп тұр. Таяқ салып көргенмін, бойлай алмады. Алдыңғы күні ептеп түсіп еді. Қайтадан көтеріліп кетті”, – дейді Шеген ауылының әкімі Елдос Едіресов.
Жағдайды аудан басшылары өздері қадағалап отыр. Күні кешелері аудан әкімі Шота Оспанов барды.
Келесі күні облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов те Ақшығанақ, Түйемойнақ, Қарғалы елді мекендерін аралап, тұрғындарды толғандырған мәселелерге назар аударды.
Қарғалы ауылының азаматтары бір генератор сұрап отыр. Сосын билайн байланысын қосып берсеңіздер деген өтінішін білдірді. Айтпақшы, мұнда шаруа қожалығын жүз шақты қара малы суға кетті. Оны арнайы құрылған комиссия анықтайтын болады.
Әлібек Ыбырай
Суреттерді түсірген Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ
Жанкелдин ауданы