Наурыз мейрамын сіз қалай тойлайсыз?

Наурыз мейрамын сіз қалай тойлайсыз?

Наурыз мейрамын қалай атап өтесіз? Қазақтың қандай ұлттық тағамын білесіз? Осы сауалдар төңірегінде қостанайлықтардың пікірін сұрадық.           

Мәрия ТАСМАҒАНБЕТОВА, Аманкелді ауданының тұрғыны:

            – Мереке күні наурыз көжеден бастап, ұлттық тағамдардың бәрін жасаймыз. Ши бауырсақ, ет, сүт өнімдерінен де түрлі тағамдар дастарханымыздан табылады. Отбасымызда Наурыз мерекесін ерекше қарсы алып, тойлау дәстүрге айналған. Келінім екеуміз бірнеше күн бұрын дайындық қамына кірісеміз.

           

Тобыл ТІЛЕГЕНҰЛЫ, тарихшы:

            – Ежелден келе жатқан мейрамдардың бірі. Өзім үшін өте ерекше күн. 22 наурыз күні қала орталығында ұйымдастырылған мерекелік іс-шараларға барамыз. Отбасымызбен асыға күтеміз. Үйде жұбайым таңертең ұлттық тағамдар мен құрт көже жасаса, мен балаларыма мейрамның тарихы мен маңызы жайлы оқиғаларды баян етемін.

           

Мәдина АКЕШОВА, студент:

            – Қалада жүрген студентпін, бірақ Наурызды жыл сайын отбасыма, үйге барып қарсы аламын. Мен үшін ол өте өзгеше күн. Сол күні үйдің іші шаттық пен берекеге толады. Әсіресе, анамның жасаған наурыз көжесін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тезірек 22 наурыз болып, туған жерім – Ұзынкөл ауданына жол тартсам деп жүрмін.

           

Жалғас ДОСБЕРГЕНОВ, А.Иманов атындағы мемориалдық музейдің қызметкері:

            – Бұл мейрам қазіргі күнтізбе бойынша күн мен түннің теңелуіне сәйкес келеді. Аманкелді ауданында аталмыш мейрам жақсы тойланады. Ұлттық ойындар ойнатылып, салт-дәстүрге сай іс-шаралар өтеді. Бәріне белсене қатысуға тырысамын. Ұлы мерекені айрықша тойлау «мен қазақпын» дейтін адам үшін маңызды деп санаймын. Келе жатқан Наурыз мерекесі құтты болсын!

           

Жанар ЕРЖАНОВА, журналист:

            – Наурыз мерекесін асыға күтемін. Жақындарыммен бұл күнді барынша жоғары деңгейде атап өтуге тырысамын. Ұлттық мерекеміз әрі жаңа жылымызды бірнеше күн қатарынан тойласақ та артық емес. Наурыз – ақ ниет пен адалдықтың қауышатын, жақсылық пен ізгіліктің салтанат құратын күні. Осы жылы да 22 наурызға қойған үлкен жоспарларым бар.

           

Ағабек МИРАМИНҰЛЫ, студент:

            – Мен Түркістан обылысы Ескі хан ауылының тумасымын. Бізде Наурызда «сумәләк» (сүмелек деп те атайды) деген тағам жасайды. Сумәләкті жасау үшін бидайдың ең жақсысын таңдап алады. Оны суық сумен тазалап, 18-24 сағат бойы жі­бітеді. Сосын судан алып, күн тимейтін жерге қояды. Таза және тез өнуі үшін астына екі қабат мата салып, үстіне дәке жабады. Құрғап қалмауы үшін күніне екі мәрте су себіледі. 6-8 күнде бидай 3-4 сантиметрге дейін өнеді. Содан сумәләк қайнатуға дайын болады. Оны майдалап турап, ет турағыштан өткізіп, дәкемен сүзіп, суын бір ыдысқа жинайды. Бұл екі-үш рет қайталанады. Бидайды қадағалап тұрмасаң, дәмді болып шықпайды. Жалпы, 20-24 сағатта піседі. Қоюланғанда оның түсі қызғылт қоңырға айналады. Бұл көбіне оңтүстік өңірде жасалатын тағам.

Сауалнаманы жүргізген Бибіт МИРАМҰЛЫ

Жаңалықтармен бөлісу