Әулиекөл ауданындағы Диев ауылында 15 үйді су басты

Әулиекөл ауданындағы Диев ауылында 15 үйді су басты

Ауыл тұрғыны облыстық басылымдардың біріне жүгініп, баспаналарына жайылма судан қауіп төніп тұрғанын айтып, көмек сұраған. Жағдайдың жай-жапсарын аудандық штаб өкілдері баяндап берді.

Әкімдік өкілдерінің хабарлауынша, ауылдың оңтүстік-шығыс бөлігінде су басу қаупін азайту үшін ұзындығы 1 шақырымнан асатын, биіктігі 2 метр, ені 3 метр бөгет салынған.

Оған 3 мың дана инертті материал төселіпті.

«Осы төңіректе ұзындығы 300 метрге жететін қосымша су бұру арналары пайда болды. Экскаватормен су бұру арналары кеңейтілді. Алты мотопомпаның күшімен су айдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қосымша 2 агрегат тартылды. Су тасқынына қарсы шараларға ЖАО, ТЖД бөлімшелерінің, кәсіпкерлердің жиырмадан астам техникасы мен 150 адамы және жергілікті тұрғындар жұмылдырылды. Күн сайын осы үйінділер инертті материалдармен нығайтылатын болады», – делінеді хабарламада.

Ауласын су басқан 15 отбасыға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы көмек көрсетілген. Жергілікті кәсіпкерлермен арада жапа шеккен ауылдықтарға жәрдем жасау мәселелері пысықталу үстінде.


Қазіргі таңда 34 адам уақытша қауіпсіз жерлерге көшірілген. Оның жетеуі – балалар.

Жаңалықтармен бөлісу