Жағажайға жақын орналасқан қала тұрғындары су басып қалған баспаналарының жай-күйі мен келешегіне алаңдаулы. Қостанайға жұмыс сапарымен келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова олардың жағдайымен танысып, назына құлақ түрді.
Николай Коребейник осы ауданда бірнеше жылдан бері тұрады. Үйі ағаш-қамыстан соғылыпты. Көктем-күзде суланса, жазға дейін сыздан арылмайды. Ол ол ма, осы жолғы тасқыннан әлгі ағаш-қамыс суды бойына әбден сіңіріп, қабырғалары сөгітіле бастаған.
“Менің босағам кепкенше сылақ жүргізуге келмейді. Ал жөндеуі күзде басталды делік, сонда қаңтарға жақындағанша далада сенделуіміз керек пе?”, – дейді қария.
Сөзге қала әкімі Марат Жүндібаев араласты:
“Біз үйді бағалауға қоямыз. Содан кейін ғана қажетті соманы шығарамыз. Бұл жерде сіздің үйіңіз жөндеуге келеді деп тұрғанымыз жоқ. Есіңізде болар, осы маңайда үлкен өрт болды. Сонда көршілеріңізді ренжіткеніміз жоқ”, –деп мысалмен жауап берді шаһар басшысы.
“Жер кеппей іске кірісуге болмайды. Бағалау жұмыстарын ерте бастасақ, кейбір жағдай аңғарылмай қалуы мүмкін”, – деп басу айтты облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Қалған тұрғындар да қауіпті аумақта тұрғысы жоқ.
Қай-қайсысы да баспаналарының өтемақысын талап етіп отыр. Министр тұрғындардың уәжі назардан тыс қалмайтынын айтты.
“Президент тасқын судан зардап шеккен кез келген тұрғынның қамқорлықсыз қалмайтынын айтқанын білесіздер. Құжат жинау жұмыстары енді басталды. Қай жерге жүгінетіндеріңізді жергілікті басшылық сіздерге нұсқайтын болады. Зиян келген әр мүлікке акт дайындалады. Төлем жағдайы осы құжаттар реттелгенде төлене бастайды. Зардап шеккен тұрғындарға алғашқы берілетін жәрдем елу айлық есептік көрсеткішке тең”, – деп атап өтті министр.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев