Әуежай шағын аудандағы №45/3 мекенжайындағы тұрғын үй шамамен бес жыл салынды. Құрылысын бірнеше мердігер ұйым жүргізіп, алдыңғылары сенімді ақтамай тапсыру мерзімі ұзап кеткен еді. Таяуда салынып біткенімен, болашақ қоныстанушыларға бір ай күте тұруларына тура келеді.
Осының себебін білмекке қала әкімі Марат Жүндібаев арнайы барды. Жоспарлы жұмыстың барлығы дерлік аяқталған. Мердігер айналаға тазалық жұмыстарын жүргізіп, ретке келтірген. Құжаттарын рәсімдеу ісі ғана қалып отыр екен.
“Құжат рәсімдеуге бір айдай уақыт кетеді. Жұмысты барынша тез әрі тиянақты атқарыңыздар. Мамыр айының 20-на дейін дайын болуы керек. Сосын салымшыларға пәтер кілттерін тапсырамыз. Абаттандыру жұмыстарын мердігер аяқтайды. Құрылыстан қалған қоқысты тазартып, ретке келтіру де мойындарында. Осы үйді тапсырған соң бұл аудандағы мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан тұрғын үй құрылысын толық аяқтаймыз. Жақында балабақша, жайлы мектеп, сауда орталығы да пайда болады”, – деп атап өтті Марат Жүндібаев.
Үйде бас-аяғы 72 пәтер бар. Пәтердің бір шаршы метрі 226 мың теңгеден. Салымшыға шамамен бір пәтер 16 млн теңгеге шығады. Қала әкімі 3 бөлмелі пәтерлер қазіргі күні нарықта 25-30 млн теңге тұратынын айтты.
Құрылысты жүргізген “Нұркапстройгаз” ЖШС-нің инженері Сергей Прокуратов маңайында абаттандыру мен тазалық жұмыстары басталып кеткенін айтып отыр.
Тұрғын үй барлық коммуникациямен жабдықталған. Таяуда көгілдір отын да қосылыпты. Әр қабатта төрт пәтерден бар.
“Біз былтыр құрылыс жұмыстарын бастағанда үй тек 3-ші қабатқа дейін ғана көтерілген еді. Бұл шағын аудан үшін жалпы мәселе жер асты сулары болып отыр. Жертөлелерден қанша сорсақ та шыға береді. Менің білуімше, қазір суды төмендетуге қажетті шаралар жүргізіліп жатыр”, – дейді маман.
Сералы МЫРЗАБАЙ