Су тасқынан кейін оңтүстік өңірлердің жолдарын қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. Бұл жөнінде Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Айбар Сейтқазинов айтып берді.
«Арқалық қаласына қарасты Аққошқар, Ашутасты, Шилі, Алуа, Жаңақала ауылдарының кіреберіс жолдарының су өткізу құбырларына ортша жөндеу жұмыстарын жүргізуге «Алюминстрой» ЖШС мердігер ұйымымен шарт жасалды. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып кетті. Қайнар, Екідің, Ашутасты, Шилі ауылдарындағы су өткізу құбырларын жөндеуді «Арка К» ЖШС және жеке кәсіпкер Қасымбаева міндетіне алатын болды. Мердігер ұйымдар өздерінің жұмыстарын бастауға әзір», – деді басқарманың бөлім басшысы.
Аманкелді ауданындағы Үрпек ауылындағы жолды жөндеу де жоспарланып отыр. Әзірге жобалық-сметалық есептеулер жүргізіліп, қос тарапты құжаттар әзірлену үстінде. Үрпек-Қабырға жолын «Алюминстрой» ЖШС қалпына келтіретін болды. Тасты, Степняк, Байғабыл ауылдарының жолдары да бүтінделеді.
«Жанкелдин ауданына қарасты Көкалат, Көлқамыс, Саға, Бидайық, Шилі, Ақшығанық, Шұбалаң, Қарасу ауылдарындағы кейбір жол учаскелерін әлі де судың басып жатуы осыдай жұмыстар жүргізуге кедергі болып тұр. Жері кепкеннен кейін сметалық құжат әзірленіп, құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады», – деді бөлім басшысы.
12 сәуірде Үкіметтің төтенше резервінен Арқалық қаласында тұрғын үй сатып алу үшін 405 миллион теңге бөлінді. Тексеру жүргізіліп, қажетті қаражат мұқтаж отбасыларға кезең-кезеңімен бөлінетін болады.