Қарғын су Сарыкөл ауданын да аз әуреге түсірген жоқ. Әсіресе, Севастополь ауылдық округінің халқын үрейге салды. Алайда алдын алу шараларына ел болып жұмылудың арқасында қауіптің беті ары қараған.
Севастополь іргесіне көлкіп жиналған су деңгейі 6 сәуір күні шамамен түнгі сағат 2-лер кезінде барынша көтеріліп, ауылға қатер төндіреді деген болжам жасалды. Осы жорамал расқа айналмай тұрып, тасқынға шұғыл тосқауыл қою шаралары қолға алынды. Жергілікті атқарушы органдардың әрекетіне қарап отырмай, ел азаматтары жаппай бірігіп, жұдырықтай жұмылып, ықтимал апаттың бетін қайтарыпты. Аудан әкімдігі мамандарының сендіруінше, бір де бір үйге нұқсан келмеген.
«Осы округтегі су тасқынының алдын алу жұмыстарына 3 эксковатор, 1 МТЗ, 5 тиегіш, 3 К-700 тракторы, 12 мотопомпа жөнелтілді. Ұзын саны 120 адам жұмылдырылды. Жергілікті атқарушы органдарды қоспағанда, білім беру, мәдениет және басқа да сала қызметкерлері мен еріктілер, ауыл тұрғындары су тасқынына қарсы күш біріктіре күресті. Дер кезінде жасалған амалдардың арқасында ауылды аман алып қалдық. Қазір су деңгейі әлдеқайда төмендеді. Сонда да жағдай жіті бақылауда ұсталы отыр», – дейді аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Абай Жүсіпов.
Ол жергілікті атқарушы органдар барлық ықтимал төтенше жағдайларға тас-түйін дайын отырғанын айтады.
«Бүкіл елді мекендегі су өткізгіш құбырлар тазартылды. Қауіп аймағындағы учаскелерге 5000 қап инертті материал төселді. Жолдың су жүріп кеткен екі-үш учаскесі құммен биіктетілді. Барлық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп тұр. Материалдарда, техника атаулы да жеткілікті мөлшерде. Ең маңыздысы – азаматтарымыздың өмірі. Жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы халықты дер кезінде хабардар етіп отырмыз», – деп толықтырды А.Жүсіпов.
Дей тұрғанмен әкімдік өкілдері кез келген уақытта жағдайдың ушығып кетуі ғажап емес екенін айтады. Сондықтан аудан тұрғындарынан қауіпсіз жерге көшуге қай кезде де дайын болуды сұрап отыр.